Түркістан облысын Достық ауылында атажұртқа келген қандастарымыз тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысын Достық ауылында атажұртқа келген қандастарымыз тұрып жатыр

20.12.2021

Еліміз егемендік алған тұста алыс-жақын шетелдерден атажұртқа оралған қандастарымыз тұрақтаған ауылдың бірі -Түркістан облысындағы Достық елдімекені. 1993 жылы жаңадан пайда болған ауылға Иран, Ауғанстан, Түркия елдерінен келген қандастар қоныстанып, қазірде 135 шаңырақ түтінін түтетіп отыр.

Түркістанның іргесіндегі бұл жер 30 жыл бұрын егістік алқап болған. Кейін қандастарымыз қоныстанды. Бастапқыда оларға 100-ге тарта баспана салынды. Үйлердің қатары күн санап артып, қазір жергілікті халықтың саны екі мыңға жуықтады. Ираннан үдере көшкендердің бірі - Пірназар Ерғалиұлы. Елге оралғанда қырықтың қырқасында болған ол бүгінде жетпісті еңсерген.

Пірназар Ерғалиұлы, Достық ауылының тұрғыны:                                                               

Бір тамда үш семья болып отырдық бала-шағамызбен. Ой қиындықты көрдік. Адам көп, үй жоқ. Мыналар салынбаған. Осы көшеде екі үй ма біткен, одан басқасы бітпеген. Келесі жыл көктемде жер ектік, жер егіп, қауын егіп жаңағыдай. Міне осыменен тірлік қылып келе жатырмыз.

Шеттен келген отандастарымыз бүгінде түрлі кәсіппен шұғылданады. Бірі мал бақса, енді бірі сауда-саттық жасайды. Көпшілігі жыл он екі ай егін егіп, нәпақасын тауып жүр. 1995 жылы ауылдың орталығынан ашылған мектеп алғашында 4 сыныптық болса, қазір 11 жылдық білім ордасына айналып отыр. Мұнда 200-ден аса бала оқиды. Оның жанындағы шағын орталықта 37 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.

Оспан Әлібаев,  Мектеп директоры:

Қандастарымыз 70 жылдай шетте жүрсе де, салт дәстүрін наным сенімін жоғалтпаған, имандылыққа жақын. Ауылдар арасында ең тыныш, ауыл десе болады. Білімге құштарлығы жақсы.

Ауылдың инфрақұрылымы да жыл өткен сайын жақсарып келеді. Елдімекендегі 6 көшенің үшеуіне асфальт төселген. Орталық көшеге жарықшамдар орнатылған. Ауыл алдағы уақытта ауыз сумен қамтылмақ. Жергілікті халық елдімекенге келген әр қандасымызға қолдау көрсетіп, демеп отырады. Себебі "Достық " ауылына келіп, қоныстанушылар қатары соңғы кезде көбейген.Бұған Түркістанның облыс орталығына айналуы себеп болып отыр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу