Елімізде соңғы 20 жылда бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдардың саны 2,5 есе азайды. Бұған дейін Қазақстан «түрме халқы индексінің» әлемдік көрсеткішінде 3-орында тұрса, бүгінде ол 98 сатыға шықты. Бұл жайында журналистермен өткен баспасөз отырысында Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мамандары мәлім етті.
Спикерлердің айтуынша, енді сотталғандарды ұстаудың тиімді шаралары қабылданбақ. Жалпы, елімізде мұндай 80 мекеме жұмыс істейді. Ол орындарда 35 мыңға жуық адам бар. Оның ішінде 30 мыңы сотталғандар болса, 4 мыңға жуығы тергеу үшін қамалған.
Мейрам Аюбаев, ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары:
Түзеу мекемелерінің, Ішкі істер оргондарының барлық ғимаратында жаппай видеокамералар қойылып жатыр. Оған Үкімет қаражат бөлді, біздің жоспарымыз бойынша келесі 2022-23 жылдары түзеу мекемелеріне түгел бейнебақылау қойылады.