Ұлыбританияда эпидахуал нашарлап, індет қайта өршіді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда эпидахуал нашарлап, індет қайта өршіді

23.12.2021

Соңғы 24 сағаттың ішінде мыңдаған адамның ковид жұқтырғаны анықталды. Омикрон штамының таралуы да жиілеп барады. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова бізбен байланысқа шықты. Марина, індетке қарсы билік қандай шара қолдануда?

Ұлыбританияда «Омикрон» штамын жұқтырғандардың саны 74 мыңнан асты

Марина Бекенова, тілші:

Ұлыбритания Омикрон штамының кең таралуына байланысты вирусқа қарсы 4 миллионнан астам медициналық препараттың курсын сатып алды. Молнупиравир және Ритонавир дәрілері індетке шалдыққан адамдарды емдеу немесе вирустан қорғау үшін қолданылмақ. Ұлыбритания Денсаулық сақтау агенттігі коронавирустың жаңа түрі бір тәулікте 13 мыңнан астам тұрғыннан анықталғанын растады. Бүгінде Омикронды жұқтырғандардың жалпы саны ел бойынша 74 мыңнан асты.

Саджид Джавид, Ұлыбритания Денсаулық сақтау министрі:

Жағдай біздің жіті қадағауымызда. Бірақ ол тез өзгеріп тұр. Жергілікті және шетелден түскен ақпараттарды сарапшылармен бірге талқылаймыз. Рождествоға дейін қосымша шектеулер жариялаудың қажеті болмағанымен, міндетті түрде бәрін бақылауда ұстаймыз.

Соңғы тәулікте коронавирустан көз жұмғандар саны 140-қа жетті. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай дейді мамандар. Бірақ биліктегілер локдаун жариялауға асығар емес. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон халық рождестволық мерекелерді емін-еркін тойлай алады деп мәлімдегенімен, 25-желтоқсаннан кейін қатаң шектеулер енгізілуі мүмкін екендігін ескертті. Ревакцинация науқаны да қарқынды алды. Соңғы тәулікте 1 миллионға жуық адам үшінші екпені салдырып, барлығы 31 миллионға жуық британиялық иммунитеттерін күшейткен.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу