Газбен қамтылған халықтың саны 10 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Газбен қамтылған халықтың саны 10 миллионнан асты

23.12.2021

Газбен қамтылған халықтың саны 10 миллионнан асты, көгілдір отынмен қамтамасыз ету деңгейі 55 пайызды құрайды. Бұл туралы мемлекет басшысының қабылдауында болған Мағзұм Мырзағалиев айтты. Энергетика министрінің сөзінше солтүстік және шығыс өңірлерге газ жеткізу арқылы 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 65 пайызға жеткізу жоспарланған. Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» кен орындарындағы жобаларды іске асыру арқылы мұнай өндіру көлемін 2030 жылға қарай 104 миллион тоннадан асыру көзделіп отыр. Алдағы он жылда 30 триллион теңгенің жобалары жүзеге асырылмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ-химия саласын дамытудың маңызды екеніне назар аударып, министрге бірқатар тапсырма берді.

Сонымен қатар Президент Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевті қабылдады.Кездесуде геология саласын дамытуға ерекше назар аударылды. Министр жер қойнауына жүргізілетін мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары жанданып келетінін айтты. Шамамен 684 шаршы шақырым жер қойнауын зерттеу жоспарланған. Сонымен қатар Ұлттық геологиялық қызмет құрылады. Көгалдандыру жөніндегі тапсырманың орындалу барысы туралы есеп берген Серікқали Брекешев биыл 62 мың гектар жерге 130 миллион көшет егілгенін айтты.


Хабарламаларға жазылу