Маңғыстауда жем-шөп қорының алғашқы бөлігі сатылымға шығарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда жем-шөп қорының алғашқы бөлігі сатылымға шығарылды

24.12.2021

Маңғыстау облысында қысқа арналған жем-шөп қорының алғашқы бөлігі сатылымға шығарылды. Мал азығы әр аудан-қалада нарықтағы бағадан 15 пайыз төмен сатылуда. Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларды қолдап, төрт-түлікті қыстан аман алып шығу үшін арнайы қор жасақталған болатын.

Қадырғали Мәдиев төрт түлік төлдетіп, ата кәсіпті дамытып отырған шаруалардың бірі. Биылға дейін жағдайлары жақсы болғанын айтады. Ал, қуаңшылық басталғалы малы көп қырылған. Қазір қалғанын қорадан шығармай жемдеп отыр. Үкіметтен арзан жем-шөп пен аналық мал басына берілетін 1 реттік көмекті алған.

Қадырғали Мәдиев,  шаруа қожалығының иесі:

Аздап запасым бар, Әлде де алғымыз келеді. Елге жаңағыдай әкімдік көмегімен, үкіметтің көмегімен арзандатып берсе жаңағыдай 1 жолғы көмекті қайталаса, қыстан шығатын шығармыз деп ойлаймын. Сосын өндірілген өнімдеріміз етімізді, сүтімізді өткізсе өндірістерге, қазір ет өтпейді. 

Биыл облыста «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жем-шөп сатып алуға -204 млн теңге бөлінді. Ал, қысқа қор жасақтауға-2,1 млрд теңге жұмсалды. Оған 70 мың тоннадай шөп пен 45 мың тоннадан астам жем сатып алынды. Қазір қордағы мал азығы операторлар арқылы нарықтағы бағадан арзан сатылуда.

Қазбек Тәшімов, Маңғыстау облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Операторларға шекті баға белгіленді. Яғни 1 кг шөпті  65 теңгеден асырмауға тиіс. Сонымен қатар жемнің бағасын кебектің бағасын 101 теңгеден артық сатпауға тиіс. Күні бүгінге одан да арзан сатылып жатқан жағдайлар бар. 20 кг қ кебек 1900 теңгеден, яғни 95 теңгеден сатылып жатыр. Белгіленген баға 101 теңге болғанмен, 95 теңгеден сатылып жатыр. 

Өңірде шаруаларға аналық мал басына – 1 млрд 248 млн теңге көлемінде бірреттік көмек берілді. Басқа өңірлерден мал азығын тасымалдауға темір жол тарифтері жеңілдетілді. Сондай-ақ, шаруаларға Кендірлі-Қаясан қорығы аумағынан шөп шабуға рұқсат етілді. Ресми деректерге сүйенсек, биыл аймақта қуаңшылықтан 1307 мал қырылды.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу