Алматы облысының шалғай аудандарында мемлекеттік қызмет сапасы артып келеді. Мәселен Ұйғыр ауданында жыл басынан 10 мыңнан астам қызмет көрсетілді. 62 мың халқы бар өңірде электронды түрде қызмет алу деңгейі 80 пайызға жеткен. Мұндағы басты мақсат - цифрлі Қазақстан бағдарламасын жүзеге асыру.
Шонжы ауылы облыс орталығынан 350 шақырым қашықта орналасқан. Халыққа кейбір құжаттарын рәсімдеу үшін бұл өте қолайсыз. Былтыр қыркүйек айында ашылған сервистік әкімдік Ұйғыр ауданы тұрғындарының көптеген мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етті.
Ақжол Турахан, Шонжы ауылының тұрғыны:
Сервистік әкімдікке келіп, тұрғын үй кезегіне тұруға қалай тұру керек екендігі жайлы мағлұмат алдым. Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы арқылы жеке басымда ешқандай жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтаманы алдым. Жалпы сервистік әкімдіктің жұмысы тез әрі жылдам екен. Бастысы ешқандай кезек жоқ екен.
Сервистік әкімдікте тұрғындарға ең қажет деген бөлімдердің мамандары жұмыс істейді. Биыл 10 мыңнан астам тұрғынға сапалы қызмет көрсетілді. Жұмыссыз адамға жұмыс тауып, баспана мәселесін шешіп, сәулет-құрылыс құжаттарын реттеуде мұндай құрылымдардың халыққа тигізер пайдасы орасан.
Дархан Ызғарбек, Ұйғыр аудандық мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы:
Бұл жерде 30-дан аса қызмет түрі көрсетіледі. Бұл жерде алты бөлімнің мамандары жұмыс атқаруда. Бұрын екінші, үшінші қабатта орналасқан бөлімдердің мамандары қазір осы бір жерде шоғырланған. Бір жермен осы қызметті атқарып жатыр.
Алматы облысының 17 ауданы мен 3 қаласында дәл осындай сервистік әкімдіктер ашылған. Мұндағы басты мақсат сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.
Қуаныш Қанатұлы