Ертең ТМД елдерінің басшылары бейресми кездесуде бас қосады. Жиын Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өтеді. Президенттер бетпе-бет жүздесіп, ұйымның биылғы жұмысын қорытындылайды деп күтіліп отыр. Әріптесім Шерхан Жамбылұлы осы шарадан ақпар тарату үшін Ресейге арнайы барған еді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Ертеңгі жиынның бейресми деген аты айтып тұрғандай күн тәртібінде нақты талқыланатын тақырып болмайды. Есесіне президенттердің емін-еркін ойларын талқыға салуға мүмкіндігі болады. Достастық елдерінің көшбасшылары жылды қорытындылап, түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту мәселелеріне баса көңіл бөліп, жер-жихандағы ең өзекті тақырыптарды талқылайды деп күтіліп отыр. Бұл жиынның жалпы жөні бөлек. Себебі пандемия салдарынан мемлекет басшылары көптен бері осындай кең құрамда бас қоспаған еді. Қазақстан тарапынан бұл жиынға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және осы ұйымның құрылуына үлкен үлес қосқан Қазақстанның тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп жоспаланып отыр. Айта кетейін осыдан отыз жыл бұрын Алматы қаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ТМД-ның қағидаттары мен мақсаттарын бекіткен декларация қабылданған болатын. Осы уақыт аралығында бұл қоғамдастық әлемдегі белді ұйымдардың біріне айнала білді. Бүгінде ұйым елдерінде 290 миллионға жуық адам тұрады. Әлемдегі мұнай мен газ және көмірдің отыз пайызы да осы мемлекеттерге тиесілі. Бірлескен жұмыстың арқасында биыл сауда айналымы 26 пайызға артып, пандемияға дейінгі көрсеткішті еңсерді. Қазір алыс-беріс жүз миллиард доллардың маңайында. Жалпы биыл әлемдегі қиын эпидемиологиялық ахуал мен Ауғанстандағы жағдайдың күрделене түсуіне байланысты ТМД елдерінің қарым-қатынасы тіпті тереңдей түсті. Себебі ТМД аясында осы мәселелерді шешу үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымдарының жиындары жиі-жиі өтіп, мемлекеттер бірлесе әрекет етті. Ал, ертеңгі жиынның негізгі бөлігі жабық есік жағдайында өтеді деп хабарланды. Дегенмен ертең саммиттегі ең өзекті әрі қызықты мәліметтерді біліп, кең көлемді сюжет ұсынамын.