Батыс Қазақстанда боранның салдарынан 48 ауыл жарықсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда боранның салдарынан 48 ауыл жарықсыз қалды

27.12.2021

Батыс Қазақстан облысында ақтүтек боран халықты әбден әбігерге салды. Жолдар жабылып, ондаған адам қар құрсауынан құтқарылды. Жарықсыз қалған 48 ауылда электр желілері әлі жөнделіп жатыр.

Тәулік бойы соққан бораннан көз байланып, барлық бағыттағы тасжолдар жабылды. Қар құрсауынан 40-тан астам адам құтқарылды. Коммуналдық мекеме алғашқы боранда-ақ абдырап қалды. Электр желісі үзіліп, қалада екі мыңнан аса абонент жарықсыз , жылусыз қалды Қазір, өңірдегі 48 ауылда үзілген электр желілері жөнделіп жатыр.

Мадияр Бөстеков, қала тұрғыны:

Бір тәулік болды, кеше сағат 3-те сөнген свет бүгін әлі жоқ. Қиын боп жатыр кішкене. Түсінеміз, қар жауып жатыр. Бірақ үйде отопление автомат болғандықтан, су қатып қалады. Кішкентай бала бар деген сияқты.

Азамат Жұмабаев,  қалалық электр желілері мекемесі басшысының орынбасары:

Қазір 50 өтініш түсті. Сағат сайын көбейіп отыр. Негізінен жеке секторлар жарықсыз отыр. Қалпына келтіріп жатырмыз. Электр сымдарының үзілуі қардың қалың түсіп, еруінен болды.

Электр қуаты өшкендіктен, жерасты суын тартатын гидронысан, бірнеше сорғы стансалары істен шықты. Салдарынан 15 700 абонент сусыз қалды. Коммуналдық мекемелер түннен бері қар күреуде. Тазаланбаған көшелер әлі бар.

Жандос Дүйсенғалиев,  қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Бір күнде бір айлық қар жауды. Қазір барлық техникамыз жұмыс істеп жатыр. Бірақ бізде арнайы техникаға жүргізуші тапшы. Бас көшелерді қырып болғасын, басқа көшелерге де алдағы күндері кірісеміз.

Күшті желдің кесірінен қалада төртінші шағынауданда бесқабатты үйдің және Чапай кентінде колледж ғимаратының, Успеновка ауылында Мәдениет үйінің шатыры ұшты. Зардап шеккендер жоқ. Қазір шығын анықталып жатыр.


Хабарламаларға жазылу