Алматыда қатерлі ісікті дәл анықтайтын ядролық медицина орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қатерлі ісікті дәл анықтайтын ядролық медицина орталығы ашылды

27.12.2021

Алматыда онкологиялық ауруларды диагностикалауға арналған ядролық медицина орталығы ашылды. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов нысанды аралап, мүмкіндіктерімен танысты. Бұл - еліміздегі алғашқы инновациялық орталық. Мекемеде медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде азаматтарға тегін және қолжетімді зерттеулер жүргізіледі. Олар қатерлі ісіктің құрылымы мен функционалдық ерекшеліктерін молекулалық деңгейде бағалауға мүмкіндік береді, яғни, ауруды ең алғашқы сатысында-ақ дәл анықтауға көмектеседі. Инновациялық зерттеулер ауруды нақтылау кезеңінде де, емдеу кезеңінде де маңызды. Ядролық медицина орталығы ең заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Бұл орталықтың қабілеті бір жылдың ішінде 7000 азаматтарды тексеріп, азаматтардың денсаулығына байланысты толық деректерді беруге мүмкіндігі бар. Сондықтан, алдын-ала тексерілген азаматтардың алдын-ала емдеуге де мүмкіндіктері болатыны сөзсіз. Сондықтан, осындай үлкен мәселемен осында келіп отырмыз. Бұл Алматы қаласында басталып отыр. Қазір Қарағанды облысы, Шымкент қаласы, Батыс Қазақстан облыстарында болашақта жалғастыру жоспарланып отыр.

Вице-Премьер аутизм және оңалту орталығын аралады

Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «MEIIRIM» оңалту орталығында да болды. Мекеме мамандары 16 жыл ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерге арнап өзіндік бірегей бағдарлама әзірлеген. 2005 жылдан бастап оңалту орталығында 450 бала оқытылды. 38 тәрбиеленуші оңалту бағдарламасынан кейін мүгедектер арбасының көмегінсіз, өз бетінше қозғала бастаған. Сондай-ақ вице-премьер «Асыл Мирас» аутизм орталығына барды. Мекеме алаңын ұлғайтудың арқасында жылына 300-ге жуық отбасы бейімдеу бағдарламаларымен қамтылады. Орталық әлеуметтік, сөйлеу және тұрмыстық дағдылардың тапшылығын анықтауға және жоюға бағытталған жүйе бойынша жұмыс істейді. Барлық қызмет тегін көрсетіледі.


Хабарламаларға жазылу