27.12.1991 жыл: ТМД мен Қазақстанға қызығушылық артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

27.12.1991 жыл: ТМД мен Қазақстанға қызығушылық артты

27.12.2021

1991 жыл, 27 желтоқсан. Қазақ елі егемендігін жария еткеніне 11 күн болды. Жыл соңына қарай 18 мемлекет Қазақстанның тәуелсіздігін таныды. Бұған қоса, осы күні Канада, Израиль, Египет және Куба ТМД-ға мүше елдермен дипломатиялық байланыс орнатуға шешім қабылдады.

Осы күні Канада Үкіметі ТМД-мен арадағы қарым-қатынас шарттары келіссөздер барысында белгілі болатындығын мәлімдеді. Ал Израиль барлық 11 мемлекетпен дипломатиялық байланыс орнату жөнінде шешім қабылданғанын мәлім етті. Мұның сыртында 18 мемлекет Қазақстанның тәуелсіздігін таныды.

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

«Назар аударғаны – біз ядролық қарудан бас тарттық. Ол біріншіден, еліміздің ерекшелігі, екіншіден Елбасының үлкен саясатының арқасы деп ойлаймын. Жүз этнос пен халық тұрып жатқан елде бірлік бар, ауызбіршілік, ынтымақ бар. Осыны байқады.

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» демекші қолда барды ұқсату үшін Қазақстанға бірлік аса қажет еді. Ауызбіршілігі жарасқан халықтың ертеңге деген сенімі жарқын болашаққа жетеледі.

Болат Нұрғалиев, ҚР СІМ жанындағы сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы:

«Нью-Йоркте болдым, Берлинде, Прага, Хельсинки, Токиода, сонда ылғи «қай жақтан?» десе, мен айтам, «Қазақстаннан» деп. Сонда «О, Назарбаев!» дейд». Елбасының тарихи миссиясы ең жоғарғы деңгейде атқарғаны ол сөзсіз. Шынында да ол ең үлкен, ең жоғарғы бақыт».

Қазақстан сыннан сүрінбей өтті. Бұрын Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттермен, Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және АҚШ-пен халықаралық байланысты өркендетуге басымдық берді.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

«Қазір бізді Ресей де, Қытай да өздерімен қатар, тең мемлекет есебінде қарайды. Солай бізбен қарым-қатынас жасайды. Одан кейін біздің Елбасымызға деген көзқарасы дұрыс саясатының нәтижесі деп айтуға болады. 7-8 жылдың арасында бәрі қалпына келді. 2000-жылдан бастап, басқа дамуға көштік». 

Осы күні Үндістан Үкіметі ТМД-ға мүше бірқатар мемлекеттердің астаналарында өз елшіліктерін ашуға шешім қабылдады. Алматы мен Киевте дипломатиялық өкілдік ашу жұмыстары соңғы мәрте пысықталды.



Хабарламаларға жазылу