Қазақстанда құрылыс материалдарының өндірісін дамыту керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда құрылыс материалдарының өндірісін дамыту керек

28.12.2021

Қазақстанда құрылыс материалдарының өндірісін дамыту керек. Жаңадан салынған баспана бағасы халыққа қолжетімді болуы үшін цифрлық технологиялар да кеңінен қолданылады. Бүгін Үкімет отырысында еліміздегі құрылыс индустриясының қазіргі жағдайы талқыланды. Берік Көшербайдың репортажы.

Қазақстанда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Осы салада 47 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылға дейін елімізде 103 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бірақ, баспана мен материалдардың құны қымбаттап келеді. Бағаның өсуін тежеу үшін құрылыс саласын цифрландыру көзделген.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

«Е-Құрылыс» жүйесі онлайн-режимде шұңқырын қазудан бастап үйді пайдалануға бергенге дейінгі құрылыс процесін бақылауға мүмкіндік береді. Маркетплейс онлайн-платформасында компаниялар құрылыс материалдарын өндірушілерден делдалдарсыз тікелей сатып ала алады.

Қазақстандағы құрылыс материалдарының 60 пайызы ғана отандық өнім. Бетон, цемент, қабырға материалдары, гипсокартон мен құрғақ құрылыс қоспалар өзіміздікі. Ал әрлеу және жылу ұстайтын материалдар, тұсқағаз, линолеум, санфаянс және шыны бұйымдары шетелден әкелінеді. Импортқа тәуелділікті азайтү үшін инвестициялық жобалар жасалған.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

Биылғы жылы құны 76 млрд теңге болатын құрылыс материалдарын өндіру бойынша 34 ірі жоба іске асырылды, 2,2 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Осындай шаралардың аясында құрылыс материалдары өндірісінде жоғары серпін байқалып отыр. 11 айдың қорытындысы бойынша өсім 9,2 пайызды құрады.

Үкімет басшысы осы бағыттағы жұмысты белсенді түрді жалғастыруды қажеттілігін айтып, 1 ай ішінде құрылыс индустриясындағы жаңа жобалардың жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Берік Көшербай, тілші:

Елімізің нарығын отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін 165 жаңа жобаны жүзеге асыру көзделген. Олардың жалпы құны 1 триллион теңгеден асады. Жаңа өндіріс орындары ашылып, ойдағыдай жұмыс істеп кетсе құрылыс индустриясында импортқа деген тәуелділік алдағы 3-4 жылда 42-ден 27 пайызға дейін төмендеуі тиіс.

Бұдан бөлек, мердігер компанияларға мемлекеттік бақылау күшейтілмек. Себебі, сапасыз салынған нысандар аз емес. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі осы салада тәртіп орнату, сондай-ақ баспана бағасын төмендету үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын жеткізді.


Хабарламаларға жазылу