Түркияда «омикрон» штамы тез тарай бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда «омикрон» штамы тез тарай бастады

29.12.2021

Түркияда соңғы күндері «омикрон» штамы тез тарап жатыр. Елдің Денсаулық сақтау министрі вирустың жаңа түрі өршіп бара жатқандықтан, халықты тезірек вакцина жасауға шақырды. Министрлік таратқан мәліметке сай «омикрон» жұқтырғандардың басым көпшілігі Ыстамбұл қаласынан.

Түркияда карантиндік шаралар күшейтілді ме?

Айдос Әшімұлы, тілші:

Әзірге «омикрон» штамының жылдам таралуына байланысты қандай да бір шектеулер жоқ. Дегенмен жаңа жылдан бастап бірқатар карантиндік шаралар енгізілуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сай елде вирус жұқтырғандардың он пайызынан омикрон анықталған. Ал соңғы тәуліктегі көрсеткіштерге қарасақ 32 мыңнан аса адамнан коронавирус табылды. Бұған дейін бірнеше ай бойы бір тәулікте вирус жұқтырғандардың саны 15-20 мыңнан аспаған болатын. «Омикрон» штамын жұқтырғандардың басым бөлігі Ыстамбұл қаласында тіркелген.

Вакциналау қалай жүріп жатыр?

Айдос Әшімұлы, тілші:

Елде қазір вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін 51 млннан аса адам, яғни 18 жастан асқан азаматтардың 83 пайызы екпе алған. Өткен аптада ғана жаппай өндіріске енгізілген жергілікті «Турковак» вакцинасы да халыққа салына бастады. Ал егде жастағы кісілер мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне қазір вакцинаның үшінші дозасы егіліп жатыр.


Хабарламаларға жазылу