Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық көлемі артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық көлемі артады

30.12.2021

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық көлемі артады. Биылдың өзінде өсім жоғары. 29,8%-ға көбейді. Айналым 3,26 млрд долларға жетті. Премьер-Министр Асқар Мамин бейнеконференция арқылы Өзбекстандық әріптесі Абдулла Ариповпен келіссөз жүргізіп, екі ел арасындағы келісімдердің жүзеге асырылу барысын талқылады.

Өзбекстанға экспортталатын ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп, мұнай өңдеу, металлургия және автомобиль жасау өнімдерінің көлемін одан әрі арттыру көзделіп отыр. Онлайн кездесуде саудадан өзге инвестициялық, транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы, су-энергетика, өнеркәсіптік кооперация, цифрландыру, денсаулық сақтау, білім беру, туризм салаларына қатысты екіжақты серіктестікті дамыту тетіктері қаралды.

Екі елдің шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік орталығын құру жобасы жүзеге асуда. «Түркістан – Шымкент – Ташкент» жоғары жылдамдықты жолаушылар магистралін және «Дарбаза – Мақтаарал – Жизақ» теміржол желісін дамыту, автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі бірлескен ірі жобалар бойынша жұмыстар қолға алынды.

Қоршаған ортаны қорғау, су және орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық нығая түспек. Мәселен, Тоқтоғұл және Қайрақұм су қоймаларынан қосымша су ағызылды, бұл екі елдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне үлкен қолдау. Сондай-ақ Арал теңізінің өзекті экологиялық проблемаларын шешу бойынша ортақ жобалар да іске асырылып жатыр.


Хабарламаларға жазылу