Ұлттық мерекені ұлықтауға еліміздің рухани-мәдени орда ұжымдары да кірісті. Бүгін «Астана Опера» театрының камералық залында «Наурыз-Көктем» атты кеш өтті. Онда театрдың жетекші солистері мен камералық хор ұжымы өнер көрсетті.
Кеште қазақтың халық әндері мен романстары, сондай-ақ, қазақ композиторларының операларынан үзінділер шырқалды. Концерт барысында еліміздің салт-дәстүрі де ұмыт қалған жоқ.
Театр саңлақтары қазақтың тойбастар, отау құру, бесікке бөлеу тәрізді салт-дәстүрлерінен көріністер қойды.
Ал, сахнаның ұлттық нақышта безендірілуі концерттің көркін қыздыра түсіп, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айдана ҮСЕНБАЙ