Ел басына күн туған сәтте еріктілер де жұдырықтай жұмылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел басына күн туған сәтте еріктілер де жұдырықтай жұмылды

07.01.2022

Ел басына күн туған сәтте еріктілер де көмекке жұмылды. Осындай қиын-қыстау кезең ел ынтымағын бекемдей түскендей. Бірі қала тіршілігін бақылауға алса, енді бірі әскерилерге ыстық тамақ таратып, қамқорлық танытты.

 Раушан Сайлауқызы, тілші:

 Қайырымдылық дейтін қанға сіңген қасиет дәл осы сын сағатта ұмытылған жоқ. Адамдар басқа түскен сынақты бірігіп жеңуге ұмытылып жатыр. Алаң елең шақта азаматтардың осындай мейірімді қадамы бір сәт көңілге жылулық ұялатады.

Ақмола облысы

Мәселен, Ақмола облысында қаланың тыныштығын күзетуге ерікті жасақ ниет білдірген. Олардың қатарында спортшылар, қарулы күш пен ішкі істер органы ардагерлері, жергілікті белсенділер мен жастар бар. Қазір олар шаһардың іші-сыртын қадағалап, бақылау жұмыстарын басты назарға алды.

Мереке Жүсіпов, спорт ардагері:

Спорттық қоғамдастық мүшелері осындай сын сағатта қала полицейлеріне көмек көрсетеміз деп шештік. Өйткені қазір тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болу керек. Сол үшін арнайы жасақ құрдық. Полицейлермен бірлесіп, қала көшелерін бақылауда ұстаймыз. Біз үшін ең бастысы – халқымыздың амандығы мен еліміздің тыныштығы.

Лаңкестер әскерилерге аяушылық танытқан жоқ. Қауіп әлі де сейілмеді. Оның үстіне қыс ортасы, күн ызғарлы. Осындай ауыр кезеңде тікесінен-тік тұрып, елді күзеткен күштік құрылымның еңбегі ерен. Оралдық еріктілер сарбаздарға қамқорлық танытып, ыстық тамақ пен азық-түлік таратты. Ал Түркістандық ардагерлер қарулы күш қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Түркістан облысы

Бабай Алдабергенов, «Қарулы күштер ардагерлері» қоғамдық бірлестігі филиалының басшысы:

 Түркістанда қала тәртібін қадағалау үшін арнайы жасақ қызмет етуде. Қарулы күш ардагерлері атынан оларға шын жүректен алғыс айтамын. Ал тұрғындар оларды қолдап, ел тыныштығын сақтаса деген тілегім бар.

Ел бойынша 70тен аса блок-бекет қойылды. Әскерилер азық түлік, отын тасыған және емделуге бара жатқан жолаушылардың жолын бөгемейді. Тек тәртіп сақтаса болғаны.

 Раушан Сайлауқызы, тілші:

 Қазір қатігездік танытатын кезең емес. Керісінше, күш біріксе, ел ынтымағы нығайса сындарлы сәттен сүрінбей өтуге болады.


Хабарламаларға жазылу