Стамбулдағы қандастар Қазақстанмен бірге - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Стамбулдағы қандастар Қазақстанмен бірге

09.01.2022

Түркия қазақтары елімізде болған қиын жағдайға байланысты қазақстандықтарға қолдау білдірді. Олар Стамбул қаласындағы қазақтар ең көп қоныстанған Зейтінбұрны ауданындағы Абай алаңына жиналды. Қолдарына Қазақстанның көк туы мен плакаттар ұстаған топ осы жиын арқылы бүліктен зардап шеккен халықпен бірге екендіктерін білдірді. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың лаңкестер мен бүлікшілерге қатысты қатаң саясатын қолдайтындықтарын да жеткізді. Жиынға келген түркиялық бауырларымыз да қазақ халқын арандатушыларға ермей, ел бірлігін сақтауға шақырды.

Сердар Шахин, «Түркі дүниесі» қоғамдық ұйымының басшысы:

Қазақстанда болған оқиғаларды жүрегіміз ауырып отырып қарадық. Біз Қазақ елінің әрдайым жанындамыз, біргеміз. Меніңше халық өзінің заңды құқықтарын талап етуге хақылы. Алайда ол біреудің мүлкін тартып алумен, мемлекеттік ғимараттарды өртеумен емес, бейбіт түрде болуы тиіс. Бауырлас қазақ халқына сабыр тілейміз, алда жақсы күндер күтіп тұрғанына сенімдіміз.

Әбдіуақап Қара, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Соңғы жағдайларды бір аптадан бері естідік, бастапқыда көп алаңдадық. Ұйқымыз келмей қойды. Шүкір жағдай дұрысталды. Осындай тыныштық пен береке орнауында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың табанды позициясы және шешімдері шешуші болды, соған қатты қуандық. Біз Түркия қазақтары ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдаймыз. Атамекендегі туыстарымызға айтарымыз бүгінгі таңда бірлік керек, береке керек, тыныштық керек. Сол үшін біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қасынан табылуымыз керек. Соның туының астында бірлік береке орнатуымыз керек.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу