Люксембургте қазақстандық суретшілердің көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Люксембургте қазақстандық суретшілердің көрмесі өтті

25.03.2014
Люксембургте қазақстандық суретшілердің көрмесі өтті
«Наурызға тарту». Ұлыстың ұлы мерекесіне орай, Люксембургте қазақстандық қылқалам шеберлерінің көрмесі ашылды. Белгілі суретші, Мәдениет қайраткері Өмірзақ Рыстан мен қызы Гүлназым Өмірзақ Еуропа жұртшылығына қазақтың қолөнерін паш етті.
 
XI ғасырда салынған Вианден қорғанында той-томалақ, шара өткізу көптің арманы. Осындай бақ қазақ қылқалам шеберлеріне бұйырды. Тарихи мекеннің қақ төріндегі көрмені көпшілік көзайым болатындай етіп ұйымдастыру үшін әкелі-балалы Рыстан отбасы барын салыпты. Бірі - кескіндеменің хас шебері, екіншісі - кесте өнерінің жас шебері.
 
Өмірзақ Рыстан, суретші, ҚР Мәдениет қайраткері:
Қазақ халқының негізгі өнері - кесте өнері және ою-өрнек. Сондықтан, біз мұны сол қалпында қалдырып қойсақ, бұл әрі қарай дамымай қалуы мүмкін. Сол себепті бейнелеу өнеріне жаңа ағым әкелу керек.
 
Гүлназым Өмірзақ,  суретші, ҚР Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты:
Атадан келе жатқан кесте өнерін, жаңаша модернизация, жаңа архитектураға байланысты өзімнің туындымды жасаймын. Мен жұмыстарымда, көшпенді ел болғаннан кейін, атам заманнан келе жатқан салт-дәстүрді жеткізуді, сол кездегі аталарымыздың айтылмаған сырларын басқа қырларынан көрсетуді көздеймін.
 
Граф сарайының залына қойылған көрмедегі 35 туынды түгел салт-дәстүрден сыр шертеді. Талшыбықтай бұралған бойжеткен, білекті батыр, бесіктегі бала, қазақтың қобызы мен домбырасы. Шетелдіктерді ұлттық бояуы қанық картиналардың мағынасы қызықтырды. Ал, жат жердегі қандастарымыз суреттерге қарап, елге деген сағыныштарын басты.
 
Артур Шаап, Кельн қаласының тұрғыны:  
Суретшілер менің Отанымның бір бөлшегін ала келіпті. Өзім Мойынқұмда туып-өстім. Қабырғаға ілінген суреттерден ауылымды, балалық шағымды, жайлаудың иісін сезіп тұрмын. Тіпті, елге барып келгендей әсердемін. Бір сөзбен айтқанда, мен Қазақстанымды мақтан етемін.
 
Вольган Тайс, «Вианден» қорғанының президенті:  
Бұған дейін біздің сарайда талай көрме өтті. Бірақ, мынадай көздің жауын алатын туындыларды бірінші рет көруім. Керемет. Осындай таланттарды бізге таныстырған Жаннаға рахмет.
 
Мейманның Жанна деп отырғаны өз қандасымыз. Жергілікті жердің депутаты әрі кәсіпкер. Қазақстан, Орталық Азия елдерімен мәдени байланыс орнататын қоғамның басшысы үнемі талантты жерлестерін Еуропа жұртшылығына таныстырып жүреді. Осы жолы да, көзді арбаған туындылардың екі-үшеуі көрменің бірінші күні-ақ сатылып кетті. 
 
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Қазақтың кесте өнеріне тамсанып, таңдай қақпаған адам кемде-кем. Тіпті, еуропалық қыз-келіншектер бұдан былай кесте тоқуды үйренеміз деп отыр. Люксембург халқын осындай әсерге бөлеген қазақстандық қылқалам шеберлерінің көрмесі болашақта Еуропаның өзге елдерінде де жалғасады.
 
 
Нұрсұлу ҚАСЫМ
 

Хабарламаларға жазылу