Жаңаөзенде ұлттық киімдер көрмесі өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзенде ұлттық киімдер көрмесі өтуде

27.03.2014
Жаңаөзенде ұлттық киімдер көрмесі өтуде

Жаңаөзен қаласында ұлттық киімдерді ұлықтаған көрме өтіп жатыр. Ұлттық жауһарлардан сыр шертетін шара бір айға созылады.

 
Мұнда ежелгі қазақтар киген киімдердің барлық үлгісі бар. Алдымен ұлттық киімдердің шеруі өтті. Ер-азаматтар мен әйелдер, жастар мен жасамыстарға арналған үлгілер көздің жауын алады. Бұл – XIX ғасырдан бергі тарихтан сыр шертетін жәдігерлер.
 
Көрмеде ұлттық киімдердің өзіне тән ерекше тігісі, ою-өрнегі, жас ерекшелігіне қарай киілетіні түсіндіріліп, топ-топқа бөлініп көрсетілді.
 
Мизамгүл Құрмантайқызы, көрмеге қатысушы:
Орама жаулықты ертеде әжелеріміз тартқан. Ішік - түлкінің, қарсақтың терісінен тігілген. Түрме белбеуді үлкендер байлап жүретін болған.
 
Гүлжан Жігенбаева, көрмеге қатысушы:
Басымдағы орамал «Ілме жаулық» деп аталады. Кәжекей - әйелдердің көйлек сыртынан киетін жеңсіз киімі.
 
Мұнда киімдерден бөлек, әшекей бұйымдар да қойылған. «Ұлттық киімдерді халыққа насихаттап, оны көпшілік жадында жаңғырту мақсатын көздеген шара - ұрпаққа ұлтжандылық қасиетін сіңірудің бірегей жолы»,- дейді мәдениеттанушылар.
 
Тамара Жұмалиева, Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени өлкетану мұражайының директоры:
Мақсат - осы көрме арқылы Жаңаөзен қаласындағы жеткіншектерді, тіпті ересектердің өзін тарих қойнауына кеткен қазақтың ұлттық киім үлгілерімен таныстыру. Бұл киімдер қазақтың мәдениеті жоғары екенін көрсетеді.
 
Қазақ халқының болмысын айшықтайтын көрме бір ай жалғасады.
 
Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу