Маңғыстаулықтар қаза тапқан курсант Мейірхан Бітімовпен қоштасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаулықтар қаза тапқан курсант Мейірхан Бітімовпен қоштасты

10.01.2022

Маңғыстаулықтар Ұлттық Қауіпсіздік комитеті академиясының курсанты Мейірхан Бітіммен қоштасты. 19 жасар Мейірхан Алматы қаласындағы қақтығыс кезінде бүлікшілердің қолынан қаза тапты.

Жиналғандардың қарасы көп болды. Шекара қызметкерлері, өңір басшылығы, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар да бар. Олар қайғыдан қан жұтқан ата-анамен, қабырғасы қайысқан туған-туысқа көңіл айтып, басын сүйеді. Көпшілік қыршын кеткен жас сарбаздың, бүлікшілерге қасқайып қарсы тұрған ерлігі, қайсар мінезін еске алды.

Ізбибі Батқанбаева, марқұмның сынып жетекшісі:

11-сыныпты бітіргенде сыныпта 26 бала едік. Қайғысы жанымызға қатты батты. Өте сабырлы, салмақты, нағыз әскери маман болатын, болашақта үміт күтіп отырған баламыздың бірі еді. «Апай, мен қалайда әскери салаға түсемін, осы әскери қызметте оқимын, елімнің патриотымын» деп үнемі қасымда айтып жүретін.

Ақтаудағы №11 мамандандырылған физика-математика лицейінің түлегі Мейріхан Бітім осыдан 2 жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясына оқуға түскен. Шекарашылар бөлімінде 2-курста оқитын.

Нұрлан Темірғали, Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің бөлім басшысы:

Алматыда болған жаппай тәртіпсіздіктен, ҚР шекара қызметінің академияларын қорғау бойынша жауынгерлік тапсырманы орындау барысында, біздің бірнеше әскери қызметші қаза тапты. Соның бірі ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының курсанты Мейірхан Бітім. Ол болашақта шекара офицері болып, мемлекеттік шекараны қорғауды жоспарлаған еді.

Мейірхан Бітім әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.


Хабарламаларға жазылу