Алматыда 3 ірі нан зауыты қайта жұмысын бастады (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 3 ірі нан зауыты қайта жұмысын бастады (толығырақ)

10.01.2022

Алматыда үш ірі нан зауыты қайта жұмысын бастады. Бұл кәсіпорындар тәулігіне 80 тонна әлеуметтік нан өндіреді. Сонымен қатар 10-нан аса ірі супермаркеттер желісі іске қосылды. Қаладағы жол инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр.

 Үш ірі нан зауыты қайта іске қосылды 

Қуан Нұрақын, тілші:

Алматыда тәртіпсіздік басталғалы нан тапшылығы байқалған болатын. Міне, бүгін дүкен сөрелеріне ұн өнімінің сан түрі қойылуда. Қала әкімдігі бұл мәселе екі-үш күнде толық шешімін табады деп отыр.

Бүгін таңнан 3 ірі нан зауыты іске қосылды. Қазір дүкен сөрелеріне әлеуметтік нан өнімдері жеткізіліп жатыр.Тұрғындар азық-түлік жеткілікті дейді.

Қуан Нұрақын, тілші:

Жаппай тәртіпсіздіктен кейінгі қала әкімдігі ғимаратының қазіргі қалпы осындай. Республика алаңында тазарту, қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Тәртіп сақшылары әлі де қауіп бар екенін айтып бізді алаңға қарай өткізбеді.


Жол инфрақұрылымы қалпына келтіріліп жатыр

Қазір қала тіршілігі жанданып келеді. Жол инфрақұрылымы қалпына келтірілуде. Тәртіпсіздік кезінде 120-дан астам жол белгісі зақымдалса, оның 80-і қалпына келтірілді.Сондай-ақ, 40-тан аса бағдаршам істен шыққан.

Нұрзат Ордабаев, қалалық мобильділік басқармасының бөлім басшысы:

Бүгін біздің мамандармен бірге көшені жасадық. Қазіргі таңда бағдаршам, «Сергек» мәселелерімен 72 миллион теңге шығын келген. Соның бәрін келтіріп анықтап, санап жатырмыз.

Байқағанымыз тұрғындар да шамасы келгенше шаһарды қалпына келтіру жұмыстарына ат салысып жатыр. Бірі тазалық жұмыстарына көмектессе, енді бірі жұмысшыларға ыстық тамақ таратуда.

Жомарт Тезекбаев, қала тұрғыны:

Кішкене болса да өз үлесімізді қосып, осы қаламызды тазартып жүрген кісілерге қазіргі таңда қаламызда жалпы күресіп жүрген кісілерге осындай бір өзіміздің атымыздан кішкене болса да қолдан тамақ жасап, соны ыстықтай таратуға бел будық.

Қазір мегаполисте 3500 шағын дүкен бар. Қала әкімдігі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы негізсіз көтерілмеуі үшін делдалсыз жеткізу қызметін іске қосты. Кәсіпкерлер орталыққа хабарласса, осы азық-түрлерін жеткізіп беру қарастырылған.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу