Алматыда ертеңнен бастап базарлар мен ірі сауда ойын-сауық орталықтары ашылады. Қоғамдық көлік саны артады. Қала біртіндеп қалыпты өмірге түсіп жатыр.
Ертең базарлар мен сауда орталықтары ашылады
Күн өткен сайын Алматының тіршілігі жанданып жатыр. Тұрғындар үшін маңызды нысандар қайта жұмысқа кірісті. Солардың қатарында жанар-жағармай құю станциялары да бар. Қазір 79 станция тұрақты істеп тұр. Тағы көбейту жоспарланған.
Көлік жүргізушілерін ұзын-сонар кезектің азайғаны қуантып отыр. Станция басшылығының айтуынша, қазір бензин тапшылығы да жоқ.
Қалдыбек Ерубайұлы, жанар-жағармай құю станциясының басшысы:
Біздің жұмыс басталғанына 4-күн жасалып жатыр. Әскери күзет кешкі уақытқа дейін жалғасады. Халық қиын-қыстаусыз алып жатыр. Қолма-қол, картамен төлеп жатыр.
Алматыда бүгіннен бастап 11 бағытта қоғамдық көлік жүре бастады. «Оңай» жолақы төлемі де іске қосылды.
Бақытжан Анарбеков, автобус жүргізушісі:
Жолаушылар аз болып жатыр, 5-сінен кейін бүгін шықтық. 2-айналым бара жатырмыз. 10-15 адамды тасыдық.
Бұл түске дейінгі жағдай болатын. Жаңалықты естіген жұрт көшеге шыға бастаған. Мобильділік басқармасының мәліметінше, автобустар кешкі 5-ке дейін 70 мыңнан астам жолаушыны тасымалдаған. Ертең қоғамдық көлік саны тағы көбейеді. 41 бағытта 500-ден аса автобус жүреді.
Автобустардың қатынай бастауы тұрғындардың базарға барып, емін-еркін азық-түлігін алуына да сеп болды. Бүгін қаладағы 10 базар іске қосылған.
Асан Әбішев, базар қызметкері:
Біздің базарда қауіпсіздік бәрі жақсы. Арендаторларымыз келді. Жұмыс істеліп, бұрынғы қалыпты істеліп жатыр. Қоймаларымыз бар. Азық-түлік бұзылмаған. Халқымыз неше күн ашырқап қалды, саудасын жасап, бәрі халық үшін ғой.
Ертең қаладағы базарлар түгел ашылады. Тұрғындардың қалыпты өмірге көшуі үшін барлық жағдай жасалып жатыр.
Ертең базармен қатар Алматыдағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының да жұмысы жанданады. Қала бойынша 20 нысан болса, әзірше оның 14-і ашылады. Өртеніп, бүлінгендерін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Жазира Оразқызы