Қасым-Жомарт Тоқаев: Елге келген экономикалық шығын 2-3 млрд доллар болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев: Елге келген экономикалық шығын 2-3 млрд доллар болуы мүмкін

11.01.2022

«Күшіміз бірлікте» қорына түскен қаржы әсіресе шағын бизнесті қолдауға жұмсалады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы оларға осы аптадан бастап көмек көрсетілетінін хабарлады. Жалпы елдегі тәртіпсіздік салдарынан 1500-ге тарта кәсіпкерлік нысан зардап шекті. Бірнеше компанияның акциясы арзандап, биткоин бағасы да түсіп кетті.

Алматыдағы жағдай елдегі инвестициялық климаттың төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Экономистер қақтығыстың экономикалық салдарына қатысты осындай болжам айтты. Иә, Алматы халықаралық, отандық ірі қаржы субъектілерінің орналасқанын жері. Оның үстіне пандемиядан зардап шеккен саладан да қаражаттың тез қайту мүмкіндігі де аз, дейді сарапшылар.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Біріншіден, кәсіпорындарға үлкен шығын әкеледі. Екіншіден, біздің халықаралық аренадағы инвестициялық климатымыздың төмендеуіне алып келеді. Өйткені бізге осы уақытқа дейін қаржы салған және қаржыны ұлғайтуды көздеп отырған көптеген шетелдік әріптестер бар. Болған жағдайды жіті бақылайды. Алайда бұл жағдайдың форс-мажор екенін олар да біліп отыр. Олар мемлекет тарапынан болатын реформалардың сәтті орындалуын қадағалайды.

Қақтығыс салдарынан мемлекетке келген экономикалық шығын 2-3 миллиард доллар болуы мүмкін. Президент Еуропалық кеңес төрағасымен кездесуінде осылай деді. Заңсыз әрекеттен 100-ден аса сауда орны мен банк тоналғанын, 500-ге жуық көлік өртелгенін де айтты. Жалпы бизнеске келген шығын 95 млрд теңгеден асты. Тек Алматының өзінде кәсіпкерлерге 94 млрд теңгеге жуық экономикалық залал келген. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы байланыс орталығына азаматтардан 3500-ден аса қоңырау түскенін хабарлады.

Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҰКП төрағасының бірінші орынбасары:

Кәсіпкерлердің қазіргі таңдағы талабы жағдайдан тез шығу амалдарын іздеуде. «Бәйтерек» ұлттық қоры қаражатынан жеңілдетілген несие берілсе, жақсы болады деген ойда. Тек ғана зардап шеккен кәсіпкерлерді жеке бөліп алсақ, жұмыс жасауға тырысып жатырмыз.

Тоғыз өңірде 1500-ге тарта кәсіпкерлік нысан зардап шеккен. Бұл әзірге анықталғаны ғана. Көбі саудамен айналысқан. Кәсіпкерлер палатасы «Күшіміз бірлікте» қоры арқылы осы аптадан бастап көмек көрсетілетінін хабарлады.

Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҰКП төрағасының бірінші орынбасары:

Болашақта түсетін бүкіл қаражат көбінесе микро және шағын кәсіпкерлерге таратылатын болады. Қайсысына қандай көмек қажет болатынын бәрін зерттеп, дәлелдеп, осы жұмысты 2-3 күн арасында бастайтын боламыз.

Сонымен бірге өткен аптада бірқатар қазақстандық компанияның акциясы бірден арзандап кетті. Kaspi банктің акциялары 22%-ға, Халық банкінің акциясы 15, «Қазатомпромның» акциясы 13%-ға түсті. Сарапшылар бұны да елдегі қақтығыстың салдары дейді. Қазір акциялар біртіндеп қайта қалпына келіп жатыр. Ал Қазақстан қор биржасы қайта жұмыс істеуді бастады. Қар нарығында ойыншылармен сауда-саттық 12 қаңтардан бастап жалғасады.

Бұған дейін 69 мың доллардан саудаланған биткоин 42%-ға құлдырады. Қыркүйектен бері криптовалюта алғаш рет 39 мың долларға дейін арзандады. Мамандар мұны да елдегі жағдаймен байланыстырды. Рас. Өйткені Қазақстан – әлемдегі екінші ең ірі майнингтік орталық. Қаржы сарапшыларының есептеуінше, криптовалюта өндіруге қажетті барлық қуаттың 18%-дан астамы елге тиесілі.

Ақерке Бектас, тілші:

Ал ақша айырбастау орындары 12 қаңтардан бастап ашылады. Халықаралық төлем мен аударымды да жүзеге асыруға болады. Ал банк бөлімшелері таңертең 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Жауаптылардың айтуына қарай, банкоматтардан да ақша алуға мүмкіндік бар.


Хабарламаларға жазылу