Алматыда IV Халықаралық «Өрлеу» хореографиялық конкурсы мәресіне жетті. 2 жылда бір рет өткізілетін өнер сайысында Тайланд, Өзбекстан, Жапония, Түркия, Ресей елдерінің 107 бишісі бақ сынады.
Жылдан-жылға ауқымын кеңге жайған жарыста жас балет әртістері 3 кезең бойынша іріктелді. Ал, мың бұралған бишілерге, көпті талантымен тамсандырған балет өнерінің атақты қайраткерлері, балетмейстерлері мен хореографиялық оқу орындарының мұғалімдері қазылық етті.
Өз кезегінде қатысушылар классикалық, заманауи және халық билері бойынша жарысқа түсті. Нәтижесінде Алматы хореография училищесінің еншісінде екі бас жүлде.
Ал, классикалық би номинациясы бойынша барлық биші қыздар жүлдеге лайық деп танылды. Тек ұлттық би номинациясында Өзбекстан бишілерінен бір ұпай артта қалды.
Гүлмира Базарбаева, Алматы хореография училищесінің директоры:
«Өрлеу» байқауы - ол еліміздің беделі мен әлемдік деңгейін көтеруге, мәдениеттің, ұлттық бидің деңгейін жоғарылату мақсатында ұйымдастырылған шара. Бұл жарыс көрермендердің балет биі жайында білімдерін тереңдетуге үлес қосады.Әрі талантты жас бишілердің өнерін көпке таныстыруға мүмкіндік береді.
Әйгерім МУСИНА