Жұмыссыздық мәселесі ұлттық деңгейде шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жұмыссыздық мәселесі ұлттық деңгейде шешіледі

12.01.2022

Көпті толғандырған жұмыссыздық мәселесі енді ұлттық деңгейде шешіледі. Ал мемлекеттік қызмет ашық әрі сапалы деңгейге көтерілмек. Ел Президенті Парламенттің кеңейтілген отырысында осы мәселелермен қатар саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша да Үкіметке нақты міндеттерді жүктеді.

Қоғамда заңдылық пен құқық тәртібінің үстемдік құруы. Бұл ендігі жерде ел бірлігінің негізгі қағидасына айналады, деді Мемлекет басшысы. Ең бастысы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары сақтала отырып, әлеуметтік әділдікке қол жеткізуге мүмкіндік ашпақ.

Мейірлан Қызылов, запастағы полиция генерал-майоры, заң ғылымдарының кандидаты:

Халықты бірігуге және егеменді еліміздің азаматтарын парасаттылық танытып, заңға бағынуға, заңдылық тәртіпті өздері ұстануға шақырды. Бізге, халыққа, қоғамға, мемлекетке айтылған барлық ұсыныстарын қолдауға бір-бірімізді шақырайық, қолдайық.

Мансап пен билікке қолы жеткен азаматтардың кейбірі қарапайым халықпен дұрыс диалог жасай алмайтын деңгейге жетті. Сол үшін мемлекеттік қызмет ашық болуы шарт. Салаға жаңашыл, танымы биік һәм білікті, көппен тіл табыса алатын мамандардың келуіне жағдай жасалмақ.

Құдайберлі Мырзабек, ақын, мәдениет саласының үздігі:

Әкімдердің ел ішінде, халықпен жақын қарым-қатынас орнатуы, бұл да өте керек. Тек қана әкімге қатысты емес, әкімнің орынбасарлары, белгілі басқармалардың басшылары қарапайым халықпен араласу қажет-ақ.

Қазақстан жұртшылығын толғандырған жұмыссыздық мәселесі туралы да ел Президенті Үкіметке түпкілікті нәтижеге бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді. Ендігі жерде жұмыссыздықтың алдын алу және оны азайту ұлттық деңгейде шешілетін болады. Бұл әсіресе халық көп шоғырланған аймақтардағы әлеуметтік мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік бермек, дейді сарапшылар.

Сәкен Мәжінбеков, саясаттанушы:

Перзиденттің өзі де тамаша айтты. Бұл өңірлердің мәселесі емес бұдан кейінгі кезде ұлттық мәселе ретінде қарастырылады деді. Яғни адам көп шоғырланған Оңтүстік аймағында жұмыс орындарының ашылуы жұмыссыздарға мүмкіндіктің берілуі.

Бұл мәселедегі тағы бір оңды өзгеріс жоғары оқу орындарын енді бітірген жас мамандарға алғашқы жұмыс орыны әлеуметтік жағынан барынша қолдау танытады. Бұдан былай жастар практикасымен жұмысқа орналасқан жас маманның айлық-жалақысы да көбейетін болады.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу