Мәжілісте бірқатар заң жобасы жедел қаралады - Нұрлан Нығматулин - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілісте бірқатар заң жобасы жедел қаралады - Нұрлан Нығматулин

12.01.2022

Елдегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған жаңа заң жобалары Мәжілісте жедел қаралады. Бұл туралы Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин айтты. Парламенттің төменгі палатасы бүгін бірқатар заң бойынша жұмысты бастап та кетті. Атап айтқанда, депутаттар жеке қосалқы шаруашылық, тұрғын үй саясатын реформалау, экологиялық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту және басқа да бірқатар тақырыпты талқылады. Қазақстан мен АҚШ арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы ратификациялық келісімді мақұлдады. Мәжіліс пен Үкімет бірлесіп осы жұмыстарды жоғары деңгейде жүзеге асыру керек, деді Нұрлан Нығматулин.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Мемлекет Басшысының әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларын жүзеге асыру үшін Парламентке, соның ішінде, Мәжіліске үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан, біздің депутаттық корпус барлық бастамаларды жедел, тиісті заңдармен қамтамасыз ету жұмысына кірісті. Бұл жолда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы, сонымен бірге, еліміздің қауіпсіздігін қорғауға, кәсіпкерлікті қолдауға, әсіресе, ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамытуға, халықтың табысын арттыруға және білімді күшейтуге ерекше назар аударатын боламыз.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу