Қазақстанда шетелдік беделді университеттердің 5 филиалы ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда шетелдік беделді университеттердің 5 филиалы ашылады

12.01.2022

Мұғалім жетіспеушілігін реттеуге қатысты арнайы бағдарлама әзірленбек. Ұстаздар тапшы өңірлерге педагог тарту үшін министрлік осындай бастама көтерді. Оларды әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылады. Күні кеше Президент тапсырған бұл мәселе бүгін Үкімет отырысында талқыға салынды.

Елімізде мұғалім тапшы. Әсіресе Атырау, Алматы, Маңғыстау, Түркістан облыстарында жетіспейді. Алыс-жақын ауылдық мектептерге физика, математика, бастауыш сынып мұғалімдері қажет. Қазір осы проблеманы шешу үшін арнайы бағдарлама әзірленеді.

Гүлжамал Шәкенова, Қарағанды облысы Қараағаш ауылы Ынталы жалпы орта мектебінің директоры:

 Мен бұл бастамаға өте қуаныштымын. Өйткені менің мектебімде мамандар жетіспейді. Математика, орыс тілі, биология мұғалімі қажет.

Министрдің сөзінше, бағдарлама талабына сәйкес оқуын үздік бітірген педагогтер осы бағдарламаға қатыса алады. Олар ештеңеден тарықпайды, әлеуметтік тұрғыда барынша қолдау жасалады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Жоғары оқу орнын бітірген ең үздік педагогтер тартылады. Осы педагогтерге арнайы әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады. Соның ішінде жалақыны арттыру бойынша тиісті коэффицент белгілеу, тұратын үйінің төлемін өтеу немесе коммуналдық қызметтер төлемін өтеу сияқты ынталандыру шаралары қарастырылуда

Қазақстанда шетелдік беделді университеттердің 5 филиалы ашылады

Елімізде шетелдік беделді университеттердің 5 филиалы ашылады деді министр. Қазірдің өзінде Ұлыбританиялық жоғары оқу орнының филиалын ашу жұмысы басталып та кетті. Аризона университетімен де меморандум жасалды.

Ақмарал Тұрғалеева, М.Қозыбаев атындағы СҚУ тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі:

Нәтижесінде біздің студенттер шетелге кетпейді. Оларда халықаралық деңгейде білім алуға мүмкіндік болады. Сонымен қатар біздің оқытушылар да өзінің педагогикалық, технологиядық білімін дамытады. Курстар өтеді. Ағылшын тілін меңгереді.

Халқы тығыз орналасқан өңірлер мен білім беру саласында алшақтық бар аймақтарға қолдау күшейеді. Биыл осы өңірлердегі түлектерге нысаналы грант бөлу жоспарланып отыр.

  Раушан Сайлауқызы, тілші:

 Жиында техникалық мамандыққа да басымдық берілеті айтылды. Президенттің пәрменімен оларға бөлінетін грант саны биыл 60 пайызға дейін артады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының кеше берген тапсырмасына сәйкес қызмет жолында мерт болған мамандардың балаларын тегін оқыту мәселесі қарастырылып жатыр деді министр.


Хабарламаларға жазылу