Дулат Исабековтың пьесасы сахналанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дулат Исабековтың пьесасы сахналанды

12.04.2014
Дулат Исабековтың пьесасы сахналанды
Лондонда Қазақстанның мәдениет күндері өтіп жатыр. Қазақстан Елшілігінің қолдау көрсетуімен. Қазақ елін Лондон жұртына таныстыру мақсатында, «Lion & Unicorn» театры Дулат Исабековтің «Транзит жолаушы» атты пьесасын сахналады. Алғашқы көрсетілім толық аншлагпен өтті.
 
Ағылшын жұрты Дулат Исабековтің есімін бұрын-соңды естімеген. Бүгін танысты. Іле таңырқасты. Адам жанын терең түсінеді. Эмоцияны қалай бейнелейді, қалай жеткізеді деп мәз болысты. Сахнада сонау Азияның бір шетіндегі халықты емес, өзімізді, өзіміздің өмірімізді көріп отырғандай әсерде болдық десті олар.
 
Лондон тұрғыны:
Спектакль тек қазақ мәдениетімен, дәстүрімен, тұрмысымен таныстырып қана қоймай, ең алдымен, рухани байланыстар және отбасылық құндылықтардың маңызы туралы ой салды.
 
Бұл көрерменнің пікірі. Ал Дулаттың кейіпкерлерін сомдаған актерлерде үн жоқ. Қос алақанын түйістіріп рахметін айтады.
 
Басты рөлдерді ағылшындық актерлер Кэти Тривилиан және Марк Стантон сомдады. Актерлердің шебер ойыны залда отырғандардың көңілінен шықты. Автор да дән разы.
 
Дулат Исабеков, жазушы, драматург:
Мен мына актрисаның ойынына керемет риза болдым. Сізге де мың рахмет.
 
Қойылым апта бойы Лондонда, содан кейін Ұлыбританияның басқа қалаларында көрсетіледі.
 
Нұрбек БЕКБАУ

Хабарламаларға жазылу