Қазақ өнерпаздары әлемдік сахналарды бағындыруда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ өнерпаздары әлемдік сахналарды бағындыруда

12.04.2014
Қазақ өнерпаздары әлемдік сахналарды бағындыруда
«Астана Опера» театрының өнерпаздары әлемдік сахналарды бағындыра бастады. Мәселен, театрдағы балеттің жетекші солисі Әйгерім Бекетаева, қазір Санк-Петербургтегі Борис Эйфманның труппасында басты партияны орындап жүр. Қазақ бишісі ресейлік театрдың сапында Еуропа елдерін аралап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде. Әйгерімнің әлемдік гастрольдегі аяқ алысы мен атақты хареограф Борис Эйфманның қазақ мәдениеті туралы ой-пікірін, әріптесім Нұртас Солтанұлы біліп қайтты.
 
Нұртас Солтанұлы, тілші:
Борис Эйфман Ресей ғана емес, бүкіл әлем бойынша ең беделді хареографтардың бірі саналады. Санкт-Петербургтегі Борис Эйфманның балет театрында шетелдік бишілердің өнер көрсетуі өте сирек құбылыс. Ал, қазақтың қаршадай қызы Әйгерім Бекетаеваны әйгілі хареографтың өзі арнайы шақыртқан.
 
Әйгерім Бекетаева қазір Борис Эйфманның жетекшілігімен «Роден» спектакліне дайындалып жатыр. Жерлесіміз психологиялық балетте басты партияны орындайды.
 
Әйгерім Бекетаева, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі:
Мен өте қуаныштымын. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймын. Мен үшін емес бүкіл Қазақстан үшін, біздің театр үшін. Осы жерге келіп, мен Борис Эйфманнан, осы театрдан үлкен сабақ алдым. Шақырғаны үшін көп рахмет, мұғалімдеріме рахмет.
 
Осылайша қазақ балетінің өкілдері, әлемдік сахналарда өнер көрсете бастады. Әйгерім Болатбекқызы петерборлық театрдың құрамында жақында ғана Будапешт қаласына барып келді. Ендігі меже - Лондон.
 
Борис Эйфман, Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық Борис Эйфман балет театрының көркемдік жетекшісі:
Мен Қазақстандағы опера мен балеттің, жалпы мәдениеттің дамуына Президенттің тікелей қолдау көрсетіп отырғанын көріп, қатты таң қалдым. Қазақ елінде әртістерге барлық жағдай жасалған. Жаңадан салынған «Астана Опера» театрының өзі неге тұрады?! Яғни, мемлекет тарапынан бәрі ескерілген. Сондықтан, әртістер соған лайықты нәтиже көрсетіп, алғашқы жетістіктерін де көрсетіп жатыр.
 
Борис Эйфманның шәкірттері қазір күн сайын 7 сағат бойы тынбай жаттығуда. Себебі бұл табанды еңбек, маңдай тердің нәтижесін, санаулы күндерден соң британ жұртшылығы тамашалайды. Ең бастысы, Лондандағы атақты Колизейде, әлем жұртшылығы орыс балетін қазақы келбетте көреді.
 
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
Айнагүл СЕРІКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу