ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі елімізде дайындалып жатқан заң бойынша ата-аналарға балаларды жазалауға тыйым салынады және мектептерде жас ұрпақты бүлдіретін жыныстық ағарту оқытылатыны туралы желіде жарияланған ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
«Желі қолданушылары «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы» ҚР Президентінің Жарлығына өзгеріс енгізуге қатысты ҚР Президенті Жарлығының жобасы туралы қаулыны оқығаннан кейін балаларды жазалайтын ата-аналарды оларды тәрбиелеу құқығынан айыруы мүмкін деген қорытынды жасаған. Қазіргі кезде құжат талқылануда және ашық НҚА порталында ұсынылған. Шын мәнінде, қаулыда мұндай ештеңе айтылмаған», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ведомство өкілдері ерте неке, қалаусыз жүктілік пен түсік тастауды болдырмас үшін жасөспірімдермен жыныстық және репродуктивті денсаулықты қорғау мәселелерін талқылау ұсынылатынын атап өтті.
«ҚР Ұлттық статистика бюросының соңғы деректері бойынша, ерте жаста некеге тұру саны орта есеппен жылына 1000 жағдайды құрайды, жылына 4,3 мың ерте жүкті болу жағдайы тіркелген. 15-18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы аборт саны жоғары. Және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздардың жалпы санының 0,1%-ын құрайды немесе жылына, шамамен, 2 мың аборт жасалады», – деп түсіндірді министрлік.
Демек, «Қазақстан ата-аналар одағы» постындағы «ерте жыныстық ағарту» туралы хабарламалар - манипуляция.
Сонымен қатар, министрлік өкілдері қазіргі уақытта бұйрықтың ашық НҚА порталында орналастырылғанын және халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын іске асыру шеңберінде талқылауға ұсынылғанын және азаматтық қоғамнан келіп түскен конструктивті ұсыныстарды қарауға дайын екенін атап өтті.