Иә, 2022 жылдың басы қазақстандықтар үшін қатты басталды. Жаппай тәртіпсіздіктердің артынан соң елде вирус өрши түсті. Қазір бірнеше өңір «қызыл» аймаққа еніп, карантиндік шектеулер қайта күшейтіліп жатыр.
Павлодарда соңғы тәулікте короновирус жұқтырғандар саны екі есеге өсті. 150 адам. Бір күн бұрын 85 адамнан анықталған болатын. Індетке шалдыққандардың дені облыс орталығы мен моно қала тұрғындары. Өңір «қызыл» аймаққа кіргендіктен шектеу күшейтіледі.
Атырауда індет жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші бойынша антирекорд орнады. Бір күнде 437 адам инфекция жұқтырған. Эпидахуал әсіресе орталықта ушығып тұр. 304- адам қаладан, 25-і Теңіз кенішіндегі жұмыскерлер. Ковидтің өршуіне байланысты өңірде 1780 қосымша төсек-орын әзірленді.
Алия Нұртай, облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі:Қосымша төсек орындар негізгі медициналық мекемелерде дайындалды. Қазір өңірдегі инфекциялық стационарларда 453 адам ем қабылдап жатыр. 10 науқастың жағдайы ауыр.
Батыс Қазақстан облысында да жағдай күрделі. Ауру жұқтырғандар үш-төрт есе өскен. Ғибадат орындары, түнгі клуб, бар, караоке, театрлар жабылады. Кинотеатр, асхана-дәмхана жұмысына да шектеулер енгізіледі. Мекеме қызметкерлерінің 70 пайызы қашықтан жұмыс істейді.
Нұрлыбек Мұстаев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары:Барлық қалалық, аудандық мектептерде бала саны 600-ге дейінгі мектептерде өздерінің штаттық режимінде оқиды. Ал 600-ден жоғары мектептерде қашықтан оқиды. Колледж және жоғары оқу орнының студенттері аралас оқиды. Практикалық, зертханалық сабақтар штаттық режимде оқытылады.
Ал, Ақмола облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны екі тәулікте 6 есеге көбейді. Кеше 290 адам індетке шалдыққан. Мекемелердегі қызметкерлердің 70 пайызы қашықтан жұмыс істейді. Мектептер онлайн режимге көшеді. «Ashyq» жүйесі жоқ тамақтану орындары сегізде жабылады.
Болат Аманбаев