Апаттық үйден жалдамалы пәтерге көшкендердің проблемасы көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Апаттық үйден жалдамалы пәтерге көшкендердің проблемасы көп

14.01.2022

Елімізде жүздеген адам тұрып жатқан пәтеріне меншік құқығын ала алмай жүр. Олардың барлығында бұрын өз атында баспана болған, алайда ол апаттық деп танылған соң мемлекет ұсынған пәтерге қоныс аударған. Бірақ, жаңа қонысқа көшкен тұрғындардың жаны әлі жай таппай, әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүр.

Баспанасы апаттық деп танылып, пәтер алғандардың бірі Надежда Солодовникова. Ол 1 бөлмелі пәтерге көшкеніне 10 жылдан асқан. Баспананың болғаны жақсы, бірақ ол өз атыңда болмағаны өкінішті дейді. Бұл осы үйдегі 240 отбасына ортақ проблема. Жалдамалы пәтерді ауыстыруға, сатуға болмайды. Көшіп кетейтін десе, көбінің басқа қоныстайтын жері жоқ.

Надежда Солодовникова, қала тұрғыны:
Мұнда бір бөлмелі пәтерде 7-8, кейбірінде 10 адамнан тұрады. Бұл әделетсіз ғой. Осында тұрып жатқанымызға 11 жыл болды. Бұл аралықта адамдар ай сайын 30-40 мың теңгеден болсын жинап немесе несие алып баспана ақысын төлеп тастар еді. Мемлекет бізге жаңа пәтер бергенімен келісемін, бірақ бұл баспанаға меншік құқығымыз жоқ.

Тұрғындар осы мәселені айтып әкімдікке жыл сайын барады. Басқа да мемлекеттік органдардың табалдырығын талай тоздырған. Ал апаттық деп танылған ескі үйлерінің орнына жаңасы салыныпты. Бірақ, кезінде өз меншігінде баспанасы болған отбасылар әлі күнге дейін жалдамалы пәтерде тұрып жатыр.

Берік Көшербай, тілші:
Бұл жерде гәптің бәрі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда жатыр. Себебі, апатты, бірақ меншікті тұрғын үйден шығарылған жағдайда, оның иелері жаңа, бірақ жалға берілетін пәтерді алады. Ал енді оны сол адамдарға түбегейлі беріп, қайта меншік құқығын қалпына келтіру жағы ешқайда жазылмаған.

Жылдар бойы шешілмей келе жатқан проблема Сенатта көтерілді. Депутат Нариман Төреғалиев Премьер-министрдің атына сауал жолдады. Күрделі мәселені шешудің нақты жолын ұсынды.

Нариман Төреғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Тұрғындардың құқығын қорғау мақсатында тұрғын-үй қатынастары туралы заңға жалғыз үйі апаттық деп танылып, жалдау шарты негізінде тұрып жатқан тұрғындарға белгілі бір мерзімнен кейін пәтерді жекешелендіруге немесе қалдық құны бойынша сатып алуға мүмкіндік беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыруды сұраймыз.

Жаңа Қазақстан құруға бет алған мемлекетте бұрыннан қалған осындай ескі мәселе көп. Президент Мәжілісте сөйлеген сөзінде әлеуметтік әділеттіліктің халық үшін маңызы зор екеніне ерекше атады. Өңірлік проблемаларды шешу қажеттігіне назар аударды. Президент пәрмені, Надежда Солодовникова сияқты жүздеген адамға үміт отын сыйлады.


Хабарламаларға жазылу