Маңғыстау облысында коронавирус инфекциясы өршіп тұр. Тұрғындарды қоспағанда мұнайшылардың арасында індет етек жайып барады. Өңірдегі ахуалды Аягөз Оралбайқызы скайп арқылы жеткізеді.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Коммуналдық мекемелерден басқаларында қызметкерлердің 70 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшті. Өңірде ұжымдық іс-шаралар, конференция, семинар, көрме, форумдар өткізуге және банкет, үйлену той, мерейтой өткізуге тыйым салынды. Ал, еске алуды 30 адамнан асырмай «Ashyq» жобасына қатысатын объектілерде ғана ұйымдастыруға рақсат берілді. Сондай-ақ, 600-ден астам оқушысы бар мектептерде 6 мен 11–сынып оқушылары онлайн оқып жатыр. Ал, 1-2 сыныптар дәстүрлі, 3-5 сыныптарда кезекші сыныптар ұйымдастырылуда. Аймақта эпидемиологиялық ахуал күннен-күнге нашарлай түсуде. Соңғы тәулікте 172 адамнан вирус анықталды. Оның басым бөлігі Ақтау қаласының тұрғындары. Арасында 3 мұғалім мен тағы сонша медицина қызметкері бар. Мамандар соңғы 2 аптада мұнайшылар арасында ауру көбейгенін, 154 мұнайшыдан ковид анықталғанын айтады. Қазір ауруханаларда 1300-ге жуық адам қатерлі індеттен емделіп жатыр.