Үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі жобаны бекітті. Жедел іс-қимылдар жоспарында 51 іс-шара қамтылған. Қатарында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру, әлеуметтік мәселелер, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, халық пен кәсіпкерлікті қолдау әрі ұйымдастыру, қаржы мәселелері бар. Әлеуметтік мәселелер бағыты бойынша 10 іс-шара іске асады.
Нақтырақ айтсақ, жарақат алған орган қызметкерлеріне өтемақы төленеді. Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көмек көрсетіледі. Бизнес пен халыққа борыш жүктемесін азайту шаралары да қолға алынбақ. Мұқтаж азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тәртібі мен тетігі енгізіледі.
Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткен қызметкерлерге 150 000 теңгеден сыйақы берілді.
Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:
Жоспарды іске асыру барысында, бірінші кезекте, қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, күштік құрылымдар мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне де тиісті мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. Жоспардағы Ішкі істер министрлігіне қатысты тармақтардың бәрі маңызды. Әрі олар сапалы, жедел орындалуы тиіс.