Владимир Смирнов Бейжің олимпиадасына қатысатындарға сәттілік тіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Владимир Смирнов Бейжің олимпиадасына қатысатындарға сәттілік тіледі

18.01.2022

Ақпанның 4-і мен 20-ы аралығында Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Байрақты бәсекеде бақ сынауға Қазақстан құрамасы қызу дайындалып жатыр. Отандық спортшыларға тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов сәттілік тіледі. Швецияда тұратын шаңғышымен Нұрсұлу Қасым тілдесіп қайтты.  

1994 жылдың ақпаны. Норвегияның Лиллехамерінде көк туымыз көкке көтеріліп, жаһан жұрты тұңғыш рет қазақтың әнұранын тыңдады. Қысқы Олимпиада ойындарында шаңғышы Владимир Смирнов 50 шақырымдық марафонда мәреге бірінші жетіп, тәуелсіз Қазақстанның қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Өзін, елін төрткүл дүниеге танымал еткен тарихи сәт чемпионның көз алдында.  

Владимир Смирнов, Олимпиада чемпионы:

Ойынның алдында Ресей құрамасының бас бапкері келіп маған жарысқа Ресейдің атынан шығуға, Ресейге көшуге ұсыныс жасады. Мен бас тарттым. Себебі Қазақстанда туып-өскендіктен спортта жетістікке жетіп, Отанымның даңқын шығаруды армандадым. Сол арманым орындалғанда төбем көкке бір елі жетпеді. Айтпақшы, Олимпиададан бірнеше күн бұрын қазақстандық делегацияның жетекшісі Анатолий Құлназаров маған «Владимир, мынада витамин көп, жеп ал» деп елден қара уылдырық әкеп берді. Соны нанға жағып, жеп алдым. Бәлкім, елден келген сол қара уылдырық та менің жеңіске жетуіме сеп болған шығар.

Төрт дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының төрт дүркін күміс және екі дүркін қола жүлдегері 1999 жылы спорттық мансабын аяқтады.   

Біраз жыл Қазақстан биатлон федерациясын, «Астана» спорт клубын басқарды. Қазір жерлесіміз Швецияның Сунсдвалль қаласында тұрып жатыр. Елдегі ахуалға елеңдеп отыратын жерлесіміз Бейжің Олимпиадасына қатысатын қазақстандық спортшылардан үлкен үміт күтеді.

Владимир Смирнов, Олимпиада чемпионы:

Фристайл, коньки, шорт трек – спорттың осы үш түрі бойынша соңғы Әлем чемпионаттарында біздің спортшылар керемет жетістікке жетті. Биатлон, шаңғышылар да әдемі өнер көрсетіп жүр. Сондықтан Бейжің Олимпиадасына қатысатын спортшыларымызға сәттілік тілеймін. Алға қойған мақсаттары орындалсын. Мен жерлестерімізді қолдау үшін Бейжіңге арнайы барамын.

Скандинавия елдеріне «Смирре» деген атпен танымал Владимир Смирнов әлі күнге спортпен белсенді шұғылданады. Жары Валентинамен бірге екі қыз өсіріп, екі немере сүйіп отыр. Қазақстанның жетістігіне сүйсініп, кемшілігіне күйінетін жерлесіміз елде жастармен жұмыс істейтін кәсіби жаттықтырушылардың санын көбейтіп, болашақ чемпиондарды бала кезден тәрбиелеу қажеттігін айтады. Ел спортының дамуына өзі де қолдан келген көмекті көрсетуге дайын.  

Нұрсұлу Қасым, Бауыржан Дүйсенбекұлы


Хабарламаларға жазылу