Қызылордада жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар бүлікшілер әлі де ұсталып жатыр. Бүгінде полицияға 727 адам жеткізілген. Күдікке ілінгендердің 96-сы қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды. Дәл қазір аймақтағы тілшіміз Әділбек Серікұлы бізбен тікелей байланысқа шығуға әзір.
Әділбек Серікұлы тілші:Дүрбелеңде болғандардың бәрі лаңкестер емес екені анық. Сотқа ісі жеткендердің көбісі яғни, 400-ден аса азаматтың қылмыс жасамағаны анықталып, тек әкімшілік жауапқа тартылған. Тіпті, жәй ғана ескертумен құтылғандар да бар. Ал қанды қақтығысқа қатысы барлар қатаң жазаға тартылатын болады. Бүгін түнгі 12-де төтенше жағдай режимімен қоса коменданттық сағат аяқталып, аймақта енгізілген шектеулер алынады.Сондай-ақ облыс аумағындағы 28 блокбекет жұмысын тоқтатып, жолдар толық ашылады. Яғни, ертеңнен бастап тұрғындар қалыпты жағдайдағы өмірге оралады. Жалпы өңірде қоғамдық-саяси ахуал тұрақталды. Барлық халыққа қызмет көрсету нысандары жұмыс істеп тұр. Азық-түлік қоры жеткілікті дейді жергілікті әкімдіктегілер.