Қызылордада блокбекеттер алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада блокбекеттер алынды

19.01.2022

Қызылордада төтенше жағдай режимі аяқталып, түнде блокбекеттер түгел алынды. Коменданттық сағат тоқтатылып, аймақта енгізілген шектеулердің күші жойылды.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Бүгін Сыр халқы қалыпты өмірге оралды. Енді тұрғындардың жүріп-тұруына ешқандай уақыттық шектеу жоқ. Дегенмен, құзырлы органдар қоғамдық тәртіпті сақтауда әлі де күшейтілген режимде жұмыс істей бермек. Қаңтардағы қанды дүрбелең аймағымыз үшін оңайға соқпады. Қақтығыс салдарынан 200-ден аса адам түрлі жарақат алып, 24-і ажал құшты. Бүлік кезінде қылмысқа барған 96 күдікті қамауға алынды. Ал 436 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты аймақ тұрғындарына үндеу жасады.

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:

Қылмыс жасағандар заң бойынша жауапқа тартылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әр түрлі құқық бұзушылық бойынша ұсталған азаматтардың кінәлік деңгейі анықталып, тергеу шараларын жүргізуде адам құқықтарының бұзылуына жол берілмейді.

Залал келген ғимараттар қайта қалпына келтірілуде

Әділбек Серікұлы, тілші:

Жалпы жаппай тәртіпсіздік кезінде шабуыл жасалған 9 стратегиялық нысанға 6 миллиард теңге көлемінде залал келген. Қазір ғимараттарды қайта қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылданып, мердігер мекемелер белгіленді. Облыс әкімі бұл жұмыстар ақпан айының ортасында аяқталатынын жеткізді.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу