Қару-жарақты өз еркімен тапсырғандар жауапкершіліктен босатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қару-жарақты өз еркімен тапсырғандар жауапкершіліктен босатылады

19.01.2022

Заңсыз сақталған қару, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Ішкі істер министрлігі халыққа үндеу жариялады. Ақпаратқа сәйкес, елдегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қару-жарақ дүкендерінен, құқық қорғау және арнайы органдардың ғимараттарынан қару-жарақ пен оқ- дәрілер ұрланған. Суық қарулар енді заңсыз мақсатта пайдаланылып, азаматтардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Осы ретте, құзырлы орган қазақстандықтарға жарылғыш заттар мен арнайы құралдарды өз еркімен тапсыруға шақырады. Егер олардың өзге қылмысқа қатысы болмаса, ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Еске салайық, қару мен оқ дәрілерді заңсыз сақтаған адамға 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар.

Атығай Арыстанов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

Жазатайым оқиғалардың алдын алу және жарақаттан сақтандыру мақсатында табылған жарылғыш материалдармен және оқ-дәрілермен қандай да бір әрекеттер жасамауды, оларды тасымалдауға тырыспауды, бұл туралы полицияға хабарлауды сұраймыз. ІІМ жүргізіліп жатқан осындай шараларға халық түсіністікпен қарап, қолдау білдіреді деп сенеді.


Хабарламаларға жазылу