Еуропарламенттің Қазақстандағы жағдайға қатысты қабылдаған қарарына Сыртқы істер министрлігі ресми жауап берді. Мәлімдемеде құжаттың біржақты сипатқа ие екені жазылған.
«Елімізде болған қаңтардағы қайғылы оқиғаға объективті бағалаудың болмауы алаңдаушылық туғызады. Ресми тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжатты қабылдау қисынсыз деп санаймыз. Оның нәтижесі халықаралық қоғамдастыққа ұсынылатынын растаймыз»,- делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ, құжатта «Қарар жобасын әзірлеу кезінде Еуропарламент депутаттары мен оның құрамындағы саяси топтар Қазақстанның ресми тұлғаларынан нақтылама ақпараттар мен түсіндірулер сұрамағанын атап өтеміз. Еуропарламенттің қарарды асығыс қабылдауы демократиялық институттарды нығайту және азаматтық қоғамның дамуына бағытталған ел Президентінің реформаларын жүзеге асыру үдерісіне кері әсер етеді және зиян келтіреді», - деп жазылған.