Түркістан облысында шенеунік журналисті өлтіруге тапсырыс берген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында шенеунік журналисті өлтіруге тапсырыс берген

21.01.2022

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында шенеунік журналисті өлтіруге тапсырыс берген. Ол сарыағаштық блогердің өмірін 5 млн теңгеге бағалаған. Бұл туралы бүгін облыстық Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков мәлімдеді. Өңірдің бас полицейінің айтуынша, ағымдағы жылдың 3 қаңтар күні Сарыағаш ауданында тұратын журналист Амангелді Батырбековтың үйіне шабуыл жасалып, оның баласы жарақат алған болатын. Полицейлер бұл қылмысты «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша тергеу жүргізген еді. Аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 5 адам ұсталған. Оның бірі – аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы екені белгілі болды. Адам өлтіруге оқталған екі күдікті Шымкенттен ұсталды. Олардан заттай айғақ ретінде 2 жеңіл көлік тәркіленді. Қылмысты орындаушылар бұл автокөліктерді қылмысты жасағандары үшін алған ақшаға сатып алған болып шықты.

Сондай-ақ, олардан 16 калибрлі патрондар алынды. Өз кезегінде тапсырысты орындаушылар іздерін жасыру мақсатында Сарыағаш ауданынан Шардараға, содан соң Арыс арқылы Шымкентке жеткен. 

Қайрат Дәлбеков, Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы:  

Қылмысты ашуға бағытталған бірнеше версия құрастырылды. Бір версия сол журналистің кәсіби деңгейіне байланысты. Сол версиямыз дәлелін тапты. Шенеунік журналистің өмірін 5 млн теңгеге бағалаған. Жалпы бүгінгі таңда бесеуі де ұсталып, қамауға алынды. 

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу