Қазақ елі – татулық пен бірлікті ту еткен киелі мекен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ елі – татулық пен бірлікті ту еткен киелі мекен

19.04.2014
Қазақ елі – татулық пен бірлікті ту еткен киелі мекен
Кезінде қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен. Бүгінде олар түрлері, діні, көзқарастары әртүрлі болғанымен, барлығы да татулық пен бірлікті ту ететін казақ елін мекен етеді. Туған жердің тұғырын биік етуге бел буған азаматтарды бір тағдыр күтеді.
 
Бұл - №2 «Батыр» балабақшасындағы қазақ тілі сабағы. Мұнда бүлдіршіндер кішкентайынан татулықтың нышаны бірлік пен берекеде екендігін ұғынып өседі. Сондықтан болар балдырғандар шаңырақ ойынын ойнағанды жақсы көреді. Қазақтың салт-дәстүріне қанық болып өседі. Бүгінгі тақырып Отанға арналды.
 
Мынау - кәріс отбасы. Бізді жымия қарсы алған нәзік қыздың аты - Джин Сон. Оның сіңлісі - Джон Сон, інісі - Джон Хонг. Үшеуі де қазақ тілінде еркін сөйлейді. Өрелі өрен Қазақстанға төрт жылы бұрын келіпті. 
 
Қазақ тілін небәрі бір жыл ішінде жетік меңгерген кәріс қызы түрлі  байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мәселен, жақында ғана өткен «Жарқын болашақ» олимпиадасында жеңімпаз атанды
 
Джин Сон Пак, «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейінің оқушысы:
Басқа тілдерді білгенім үшін маған грамоталар берген жоқ. Ал, қазақ тілін солай білгенім үшін мен өте қуаныштымын.
 
Жігерлі қыз Джин Сон қазақ ақын, жазушыларын сүйсініп оқиды. Жүрегі қазақ деп соғатын патриот қыз тілді өз ынта-ықылысының арқасында меңгеріп алған. Қазақ тіліне деген құрмет оны үлкен армандарға жетелейді
 
Анна Оржеховская, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті:
Қазақ тілін басқа ұлттарға немесе, орыс тілінде сөйлейтін қазақтарға үйреткім келіп тұр. Соны насихаттау мақсатым бар.
 
Күндіз-түні тыным таппай еңбектеніп жүрген мына кәсіпкер - Хасан Шарипов. Астанадағы 9 мың өзбектің бірі. Қазақстан енді ғана егемендігін алып, экономикасы әлі көтерілмеген тұста қиындыққа қарамастан өз ісін ашып, шаруасын дөңгелетіп алып кетті. Қазірде ол 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Барлығы да түрлі ұлт өкілдері. Ал Хасан Шарипов берекенің бастауы - бірлік деп біледі
 
Хасан Шарипов, қалалық өзбек этномәдени орталығы төрағасының орынбасары: 
Қазақстан еліне, жеріне біз рахметімізді айтамыз. Барлығымызға жұмыс беріп, бір нанды бөлісіп жеген қазақтарға үлкен рахметімізді айтамыз. Қазақстан азаматы болғанымызды мақтан тұтамыз
 
Осылайша, қасиетті қазақ жерінде сан ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр.  
 
 
Ләззат БЕКТАС

Хабарламаларға жазылу