Президент Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан тұрғындар ісін мұқият тексеруді, азаматтардың заңды құқықтарының сақталуын тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан тұрғындар ісін мұқият тексеруді, азаматтардың заңды құқықтарының сақталуын тапсырды

23.01.2022

Кеше Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың төрағалығымен Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік кеңесі, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері басшыларының кеңесі өткен. Ақорда сайтының хабарлауынша, Мемлекет басшысына еліміздегі ахуалды тұрақтандыру үшін берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндалған.

Баяндамаларды тыңдаған Мемлекет басшысы болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауды жалғастыру қажет екенін айтқан. Президент тұрғындардың қазасына қатысты мәселе бойынша Бас прокуратураға және Ішкі істер министрлігіне әрбір жағдайды мұқият тергеп-тексеру жөнінде тапсырма берген.

– Жұртшылықтың болған оқиғалар жөнінде долбар мен қауесетке негізделген пікір қалыптастыруына жол беруге болмайды. Азаматтар биліктің ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етіп отырғанын көруге тиіс, – деді Мемлекет басшысы, деп хабарлайды Ақорда сайты.

Жазықсыз зардап шеккендерге байланысты арнайы материал дайындадық, бағдарлама барысында ұсынамыз.


Хабарламаларға жазылу