Алматы қаласы Мәслихатының жергілікті мемлекеттік басқару және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясы Ішкі істер департаментінде болды.
Алдын ала есеп бойынша, департаменттің 5 фронт-кеңсесі бүлінген. Полиция департаментінің ғимараты, Алмалы аудандық полиция басқармасына да шығын келген. Сондай-ақ, 19 модульді және 13 экологиялық полиция бекеті қираған.
Мәслихат депутаттары полицияның автопаркіндегі жағдаймен де танысты. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 165 қызметтік көлік жарамсыз күйге ұшыраған. Оның 53-і өртенсе, 64-і қалпына келтіруге мүлде жарамайды.
«Комиссия мүшелері мен мәслихат депутаттары бейбіт азаматтарды қорғау мақсатында жанкештік танытып, қаза болған ержүрек батырлардың жақындарына қайғыра көңіл айтады. Біз үшін әр адамның өмірі қымбат. Шығынды бағалау және полицейлердің жұмысын үйлестіріп, талқылау үшін Алматы Полиция департаментіне арнайы бардық. Соңғы оқиғаларға байланысты қалалық билік пен полиция бірігіп, қырағылық танытады. Тонау, қарақшылық шабуылдар, бұзақылық және лаңкестік әрекеттер сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алуға көбірек күш салады», – деді Алматы мәслихатының жергілікті мемлекеттік басқару және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері.
Айта кетейік, қаңтар айында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлікшілер қаладағы Ішкі істер департаментінің ғимаратына 27 рет шабуыл жасаған болатын. Куәгерлердің айтуынша, ғимараттың төрт бұрышынан тұтқиылдап бірнеше рет шабуыл жасалған. Террористер суық қарудан оқ жаудырып, дыбыс шығаратын гранаталар, Молотов коктейлдерін, сонымен қатар тас пен құрылыс материалдарын қару ретінде қолданған. Қазіргі уақытта шығын мен нысанға келтірілген зақым көлемі есептелуде.