Ассамблея – бірліктің ұйытқысы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ассамблея – бірліктің ұйытқысы

24.04.2014
Ассамблея – бірліктің ұйытқысы
Ассамблея татулық пен түсіністікке жетелейді, дейді Ақтөбедегі украин бірлестігінің өкілдері. Ұлттар достығын паш ететін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясынан оралған ақтөбеліктер жаңаша күш алды.
 
Рухтанып, ел игілігі үшін атқарылар істерін тағы бір пысықтады. Алға қойған міндет, мақсат бар. Оған тек бірліктің арқасында жетеміз, дейді алдағы бірінші мамыр мерекесіне қызу дайындалып жатқан «Оксана» этномәдени бірлестігінің өкілдері.
 
15 жылдық тарихы бар «Оксана» халықтық хор ұжымы Шәмші әндерін жиі орындайды. Репертуарда 100-ге жуық ән бар. 35 зейнеткер қаладағы барлық қоғамдық шаралардың бел ортасында. 86-дан асқан Сталина ұжымның ұйытқысы.
 
Сталина Балюра, «Оксана» этномәдени бірлестігінің мүшесі:
Бұл менің - отбасым, бұл - біздің өміріміз. Ән мен биден шашу шашып, өзгелерге мереке сыйлау - біз үшін бақыт. Бейбіт елімізде мерекелі күндеріміз көп болғанына қуанамыз.
 
Орталықта ұрпақтар сабақтастығы мықты. 100-ге жуық украиндар мүшелік ететін бірлестікте бірнеше ансамбль бар. 4-17 жас аралығындағы 15 бала ұлттық аспапта ойнайды.
 
Алексей Васин, «Лашнаре» ансамблінің жетекшісі:
Біз қазір Астанада өтетін фестивальға дайындалып жатырмыз. Алда мерекеге толы күндер бар. Көпшілік шараларда өнер көрсетеміз. Дайындыққа әрқашан уақыт табамыз.
 
Ақтөбелік украиндар мерекеге қызу дайындық үстінде. Олар елде болып жатқан әр шараны қалт жібермейді. Жетекші орынбасары Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясына барып келді. Алған әсерімен бөлісіп, ұжымға Елбасы тапсырмаларын жеткізді.
 
Татьяна Нечитайло, «Оксана» этномәдени бірлестігі жетекшісінің орынбасары:
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының баяндамасы ерекше әсер қалдырды. Әсіресе, Украинада болған жағдайға біздің ел бей-жай қарамайтынын, бейбітшіліктің орнауына тілекші екенін айтты. Бірлігі мол елде өмір сүріп жатқан біздің де тілегіміз осы.
 
Елбасы Ассамблея мүшелерінің алдына ірі мақсаттар мен міндеттер қойды. Ақтөбелік украиндар өңірде Ассамблея мәртебесін көтеруге өз үлестерін қосуға әзір. Ұлтаралық бейбітшілік пен келісім. Бұл -мемлекетіміздің сындарлы да салиқалы саясатының нәтежиесі, дейді «Оксана» бірлестігінің үлкендері.
 
 
Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу