Байден Путинге жеке санкциялар жариялау мәселесін көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байден Путинге жеке санкциялар жариялау мәселесін көтерді

26.01.2022

АҚШ әлемнің ірі энергия өндірушілерімен Еуропаға газ тасымалдауды ұлғайту мәселесін талқылап жатыр. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки осылай деп мәлімдеді. Ресей Украинаға басып кірсе, Еуропадағы энергетикалық дағдарыс ушығуы мүмкін. Ал, АҚШ президенті Джо Байден Ресей президенті Владимир Путиннің жеке басына санкция жариялануы мүмкін екенін мәлімдеді. Украинаға шабуылдың салдары Мәскеу үшін ауыр болатынын қайтара ескертті.

Алайда Кремль шабуыл жоспарда бар екенін жоққа шығарып, шиеленісті НАТО мен АҚШ ушықтырып отыр деп мәлімдеді. Айта кетсек, Мәскеу Батыстан Украинаны НАТО-ға қоспау, әскери альянстың шығысқа қарай кеңеймеуін талап етіп отыр. АҚШ пен оның одақтастары Ресейдің Украинамен арадағы шекараға 100 000-дай жауынгерін шоғырландыруына алаңдаулы.

Украинаға қару-жарақ жеткізіліп жатыр

Бұған жауап ретінде Батыс елдері әскери дайындықты күшейтіп жатыр. АҚШ, Ұлыбритания мен Балтық елдері Украинаға қару-жарақ, әскери жабдық тасымалдай бастаған. Тағы айта кетері – бүгін Германия, Ресей, Украина мен Франция президенттерінің саяси кеңесшілері Парижде кездеседі. Бұған дейін Ресей мен Батыс елдерінің Украинаға қатысты келіссөздері нәтижесіз аяқталды.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу