Еліміздің бірқатар өңірінде антитеррорлық операция режимі тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің бірқатар өңірінде антитеррорлық операция режимі тоқтатылды

26.01.2022

Бүгіннен бастап еліміздің бірқатар өңірінде терроризмге қарсы операциялар режимі тоқтатылды. Яғни Алматы қаласы мен Алматы және Жамбыл облыстарында террорлық қауіптіліктің шекті «қызыл» деңгейі алынды. Осыған орай аталған аймақтарда блокбекеттер де өз жұмысын аяқтады. 

Нұрдос Болатұлы, тілші:

26 қаңтар сағат түнгі 12:00-ден бастап Жамбыл облысының барлық аумағындағы тосқауылдар алынып, «қызыл» деңгей режимі жойылды. Бірақ дәл осы уақыттан бастап облыстың барлық аумағында террористік қауіптіліктің «қызғылт сары» деңгейі белгіленеді. Өңірдегі жағдайға байланысты соңғы ахуалды айтар болсам, жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 2 723 күдікті ұсталды. Олардың 573-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 52-іне айыппұл салынып, 335-іне ескерту берілді. Ал, 57-іне қылмыстық іс қозғалды. Бүгінге дейін құрықталған күдіктілерді тінту барысында заңсыз айналымнан алынған 206 қару-жарақ тәркіленді. Дегенмен, қаруларын ерікті түрде тапсырып жатқан азаматтар да бар. Сондай-ақ, 273 адам медициналық мекемеге жүгінген, олардың 8-і ауруханада жатыр. Тараз қалалық полиция бөлімі аумағын тазарту кезінде 26 жастағы ер адам дыбыс шығаратын граната тауып алған. Қауіпсіздік ережелерін ескермей, қолына алған сәтте жарылып, бірнеше саусағын жұлып әкеткен. Қазіргі таңда «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша соталды тергеу басталды. Қала әкімдігі бұл оқиғаға қатысты тергеу аяқталған соң жәбірленушіге өтемақы төленетінін хабарлады. Облыста құқық қорғау органдары жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар мен ұйымдастырушыларды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жалғастыруда. Антитеррорлық операцияның қазіргі деңгейінде құқық қорғау органдарына қару-жарақ пен жарылғыш заттарды анықтау мақсатында көлік құралдарын тінтуге рұқсат етілді. Сондықтан штаб мүшелері тұрғындардан түсіністікпен қарап, талаптарды бұлжытпай орындауларын сұрайды.


Хабарламаларға жазылу