Вашингтон Мәскеудің талаптарына жазбаша жауап берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вашингтон Мәскеудің талаптарына жазбаша жауап берді

27.01.2022

АҚШ Ресейдің Украинаны НАТО-ға қоспау туралы талабын орындаудан бас тартты. Вашингтон Мәскеуге жазбаша жауап берген. Құжатты Құрама Штаттардың Мәскеудегі елшісі Джон Салливан Ресей Сыртқы істер министрлігіне апарды. АҚШ-пен бірге НАТО да Мәскеуге өз жауабын жіберген.    

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ресейге салмақты дипломатиялық шешім ұсынғанын мәлімдеді. Енді Вашингтон Мәскеудің жауабын күтеді.   

Айта кетсек, қазір Ресей мен Батыс елдері әскери белсенділікті күшейтті. Жаттығулар теңізде де, құрлықта да өтіп жатыр. Батыс елдері Ресей Украинаға кез келген уақытта басып кіруі мүмкін деп қауіптенеді. Олар Ресейдің Украинамен арадағы шекараға ондаған мың жауынгерін шоғырландыруына алаңдаулы. Мәскеу болса, шабуыл жасау жоспарда жоқ деп үнемі қайталап келеді. Айта кетері, кеше Парижде «Норманд төрттігінің» кездесуі өтті. Ресей, Германия, Франция мен Украина дипломаттары Донбаста оқ атпау туралы Минск келісімін сақтауға келіскен.

Арай Төлегенқызы




Хабарламаларға жазылу