Ақтөбе облысында 23 тұрғын ата-ана құқығынан айырылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 23 тұрғын ата-ана құқығынан айырылған

28.01.2022

Ақтөбе облысында соңғы бір жылда 23 тұрғын ата-ана құқығынан айрылған.

Өкініштісі, ішімдікке салынып, бала тәрбиесіне бей-жай қарайтындар саны азаяр емес. Әріптесім Жақсыбек Кемал ювеналды полиция қызметкерлерімен бірге осындай отбасыларды аралап, жай-күйлерімен танысып келді.

Бұл отбасы біржылдан бері полиция есебінде тұр. Қуықтай бұл баспананың іші адам көргісіз. Ішімдікке салынған отбасы бала тәрибесін тіпті ұмытқан. Тек ювеналды полиция қызметкерлерінің араласуынан соң ғана 8 жастағы қыздары бірінші сыныпқа барды.

Елена Степаненко, тұрғын:

Қазір мен есепте тұрмын. Жолдасым ғана жұмыс істейді. Ақша аз, сондықтан қандай да болсын көмек болса дейміз. Өзім қызымды мектепке апарып, күтіп аламын.

Қазір облыста есепте тұрған осындай 269 отбасы бар. Оның көбі облыс орталығында. Ата-ана құқығын айрылған 23 отбасының балалары уақытша бейімдеу орталығына орналастырылған. Мамандар егер ата-аналары түзеліп, жағдайын дұрыстаса, балаларын қайтып алуларына мүмкіндік барын айтады. Өкініштісі, осы уақытқа дейін бір де бір бала отбасына оралмаған.

Нұржан Мұқымов, Жергілікті Полиция басқармасының ювеналды полиция тобының аға инспекторы:

200-ге жуық отбасыға, яғни, ата-аналық міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ата-ана құқығынан айрылған кезде олардың балалары «Аяла» орталығына орналастырылады. Яғни, қиын жағдайдағы балалар. Содан кейін облыс әкімінің жанындағы Білім басқармасымен бірге оларды патронаттық тәрбиедегі отбасыларға орналастырылады.

Мұндай отбасылардың бәрінде бірдей баспана жоқ. Көбі саяжайларды жағалауға мәжбүр. Мекен-жайларын жиі ауыстыратындықтан, олармен жұмыс істеу тәртіп сақшыларына да оңайға соқпай тұр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу