Павлодар облысы әкімдігінің ғимаратына 2 млн теңгеден астам залал келтірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысы әкімдігінің ғимаратына 2 млн теңгеден астам залал келтірілді

27.01.2022

Қаңтардағы оқиға кезінде Павлодар облысы әкімдігінің ғимаратына 2 млн теңгеден астам залал келген. Тәртіпсіздік жасағандар есікті сындырып, ішке кіруге әрекеттенген. Қазір бұл дерек бойынша 3 қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің бірі қамауға алынды. Бұндай жиындар Павлодар, Екібастұз қаласы және Баянауыл ауданы орталығында болған. Бірақ әлеуметтік, бизнес нысандарының ешқайсы бүлінбеген, адамдар дін аман.

Рашид Өтеуов, Полиция департаменті бастығының орынбасары:

Жиынға қатысқан 206 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 180 адам қамалды. 8 азамат айыппұл төледі. Коменданттық сағат тәртібін бұзған 813 адамға әкімшілік жаза қолданылды. Олардың 206-ы қамауға алынып, 251 адамға айыппұл салынды. 565 азаматқа ескерту жасалды.

Алматы облысы әкімдігінің ғимараты жаңадан салынуы мүмкін

Ал, Алматы облысы әкімдігінің ғимараты сүріліп, қайтадан салынуы мүмкін. Атқарушы билік жобалау институты мамандарының жауабын күтіп отыр. Егер ғимарат жарамды деп танылса, онда сүрілмейді, тек сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазір әкімдік іші тазартылып жатыр. Жалпы жаппай бүлік кезінде Талдықорғанда 5 ғимаратқа нұқсан келді. Алдын-ала болжам бойынша оларға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін 4,5 млрд теңге қаражат қажет. Әкімдік ғимараты 1972 жылы салынған.

Еркебұлан Усманбаев, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

Техникалық сараптама үшін 19 млн қаражат керек. Жобалау жұмыстарына 150-160 млн қаражат керек. Бірақ қазіргі таңда ол қандай жоба болатындығын нақты айта алмаймыз. Ол осы ғимаратты қалдырып, осы ғимаратты күшейтеміз бе арнайы технологиямен. Не болмаса бұл ғимаратты бұзып тастап, орнына ғимарат салу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу