Шаруалар мен диқандар агротехникалардың утилизациялық алымын бір жылға тоқтатуды талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаруалар мен диқандар агротехникалардың утилизациялық алымын бір жылға тоқтатуды талап етті

27.01.2022

Шаруалар мен дихандар агротехникалардың утилизациялық алымын бір жылға тоқтатуды талап етті. Агроөнеркәсіп кешеніндегі қауымдастықтар мен салалық кәсіподақ өкілдері осындай мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша шаруашылық техникаларын пайдалану алымы азық-түлік бағасының өсуі мен машина жасау саласының тоқырауына әкеледі. Сондай-ақ, қалдықтарды жинау есебінен ауыл тұрғындарының табысы төмендегенін алға тартты. Тақырыпты тілші толықтырады.

Былтыр елдегі шаруалар утильдік алымдары үшін 30 млрд теңге төлеген. Мұндай шығын ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасына әсер етпей қоймайды. Әрі өнімнің бағасын тұрақты ұстап тұру мүмкін емес.

Ақпар Мәуленов, Қазақстан фермерлер қауымдастығының өкілі: 
Жаңадан шыққан техника үшін қандай кәдеге жарату шығыны болуы мүмкін? Ол әлі 20-25 жыл қызмет етеді. Екінші экологиялық алым дейді, ауылшаруашылық техникасы далада жұмыс істейді. Одан экологияғы келетін зиян жоқ. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз еткіміз келсек, ауылшаруашылығы өндірісі өнімінің өзіндік құны түсетіндей жағдай жасау керек.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мамандары былтыр сатып алынған трактор мен комбайнның 11 пайызы ғана утиль алым төленгенін айтады. Ал, басқа ауыл шаруашылығы техникаларына кәдеге жарату алымы алынбаған.

Руслан Хисамутдинов,  автомобиль құрастыру, арнайы және ауылшаруашылық машина жасау басқармасының басшысы: 
Алдын ала қорытынды бойынша 2021 жылы 5714 трактор, 1400-ден астам комбайн сатып салынған. Оның тек 11 пайызы ғана импорттық техника болған. Яғни, қалған 89 пайызы отандық өндіріс болғандықтан, Қазақстанның аумағында сатып алынған. Ал отандық өндірушілер өнім құнына кәдеге жарату алымын қоспайды.

Жиынға келген шаруалар агромашиналардан бөлек қосалқы агрегаттардың да бағасы бірнеше есе шарықтап кеткен дейді. Соңғы бес жылда елдегі машина өндірушілер әр бір техниканың бағасын үш есе көтерген. Өйткені еліміздегі машина жасаумен айналысатын зауыт өнімдерінің 90 пайызы сырттан тасымалданады. Сондықтан машина жасау өндірісі ел экономикасы үшін тым қымбатқа түсіп отыр.

Еліміздің түкпір-түкпірінін келген жиырмаға жуық қауымдастық өкілдері ауыл шаруашылығы техникасын қайта өңдеу төлемін толық алып тастауды талап етті. Сондай-ақ 2021 жылы шаруалардан жиналған 30 млрд теңге қаражатты қайтаруды да мақсат етіп отыр. Ал, қалдықтарды жинаудан үнемделген қаражат ауыл инфрақұрылымын дамытуға жұмсалса деген тілектерін жеткізді.


Хабарламаларға жазылу