АҚШ президенті Джо Байден Ресей Украинаға ақпанда басып кіруі мүмкін екенін ескертті.
Байден бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы әңгімелесу кезінде айтқан. Ақ үй өкілдерінің мәлімдеуінше, Ресей Украинаға шабуыл жасаған жағдайда, АҚШ пен оның одақтастары батыл әрекет етуге дайын.
Ал Мәскеу көршісіне шабуыл жасау жоспарда жоқ деп үнемі мәлімдеп келеді. АҚШ пен НАТО бейсенбіде Ресейдің талаптарына жазбаша жауап берді. Олар Мәскеудің әскери альянсқа Украинаны қоспау туралы талабын орындаудан бас тартқан. Бұған енді Кремль жауап беруі керек.
НАТО болса, Ресейден Украина, Грузия мен Молдовадан әскерін әкетуді талап етті. Әскери альянстың бас хатшысы Йенс Столтенбергтің мәлімдеуінше, ресейлік әскерилер бұл жерлерге аталған мемлекеттердің рұқсатынсыз шоғырландырылған. Ал, Ресейдің талабы - НАТО-ның шығысқа кеңеймеуі және ұйымға 1997 жылдан кейін қосылған елдерден альянс әскерін шығару.
Арай Төлегенқызы